«Жайна, өмір»: Оралдағы Қариялар үйінде қайырымдылық шарасы өтті
Оралда Қарттар күніне орай Қариялар үйінде «Жайна, өмір» атты әлеуметтік-қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Іс-шараға «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Бауржан Бектұрған, партияның Саяси кеңесінің мүшесі, жеке кәсіпкер Гүлжайна Нұрпейісова, мемлекеттік мекеме басшылары, Қариялар үйінің қызметкерлері мен тұрғындары қатысты.
Шара барысында мекеме тұрғындарына арналған «Қамқорлық тынысы» тұзды бөлмесі ашылды. Оны жабдықтауға 5,5 млн теңге көлемінде демеушілік қаражат жұмсалған. Сонымен қатар Қариялар үйі қызметкерлеріне арналған демалыс бөлмесі таныстырылды.
Қайырымдылық шарасы аясында мекеменің 105 жастағы тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Анастасия Чегнахаевамен кездесу өтті. Оған арнайы кресло мен сыйлықтар табысталды.

«Қарияларымыз – халқымыздың қазынасы. Сіздердің өмір жолдарыңыз бен жинаған тәжірибелеріңіз кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Баршаңызды Қарттар күнімен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Аға буынға қамқорлық көрсету – баршамызға ортақ міндет», – деді Бауржан Бектұрған.
Демеушілік көрсеткен Гүлжайна Нұрпейісова аға буынға қолдау білдірудің маңызын атап өтті.
«Аға буынға қамқорлық көрсету – әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз деп білемін. Қариялар үйінің тұрғындары үшін денсаулықтарын нығайтуға және жайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін тұзды бөлмені жабдықтауға атсалысқанымызға қуаныштымын. Бұл бастама тұрғындарға пайдалы болып, олардың көңілінен шығады деп сенемін. Қайырымдылық – бір реттік көмек емес, адамдарға тұрақты қолдау көрсету мәдениеті болуы керек», – деді ол.
Өз кезегінде Қариялар үйінің тұрғындары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Олар жаңа тұзды бөлменің ашылуына қуанышты екенін айтып, көрсетілген қамқорлықтың өздері үшін маңызды екенін жеткізді.
Шара соңында демеушілік көмек көрсеткен Гүлжайна Нұрпейісоваға алғыс хат табысталды. Мерекелік бағдарлама концертпен жалғасып, Қариялар үйінің тұрғындары үшін арнайы фотосессия ұйымдастырылды.