×

«Адал азаматтан» «Таза Қазақстанға» дейін: Алматы жастары қалалық қауымдастықтармен танысты

Adal Adam 07.09.2026 | 14:00
«Адал азаматтан» «Таза Қазақстанға» дейін: Алматы жастары қалалық қауымдастықтармен танысты
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда жастар мен студенттерді, еріктілерді, белсенді тұрғындар мен 100-ге жуық қалалық қауымдастықты бір алаңға біріктірген City Makers: JASTAR QALASY фестивалі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарға қала өміріне белсенді араласуға, өз қабілеттерін дамытуға және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жобаларды таныстыру, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Биыл фестивальде студенттерге, әсіресе бірінші курсқа қабылданған және Алматыға еліміздің басқа өңірлерінен келген жастарға ерекше көңіл бөлінді. Олар жаңа орта тауып, пікірлес адамдармен танысып, өз қызығушылықтарына сәйкес қауымдастықтарға қосылып, қаланың қоғамдық өміріне белсенді араласуға мүмкіндік алды.

Фестиваль қатысушылары экология, технология, білім беру, креативті экономика, әлеуметтік қолдау, спорт, кәсіпкерлік және қалалық ортаны дамыту бағыттарындағы бастамаларын таныстырды. Іс-шараның негізгі құндылықтары «Адал азамат», «Таза Қазақстан» және «Заң және тәртіп» қағидаттарымен үндес жауапты азаматтық ұстаным, жасампаздық және белсенді қатысу болды.

Бостандық ауданындағы «Оңтүстік» саябағы қалалық қауымдастықтардың ортақ алаңына айналды. Фестивальге шамамен 5 мың адам қатысты. Іс-шара Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып, жастарды қаланы дамыту идеясы төңірегінде біріктіруге бағытталды.

Сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін тақырыптық алаңдарда дәрістер, шеберлік сабақтары, қойылымдар мен интерактивті іс-шаралар өтті. Сонымен қатар жергілікті брендтер мен қолөнершілердің жәрмеңкесі, фуд-аймақ және қалалық квест ұйымдастырылды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қаланың дамуына тұрғындардың тікелей қатысуының маңызын атап өтті.

«Бүгінде қаланың дамуы туралы жай ғана айту жеткіліксіз, тұрғындардың өзіне осы үдеріске қатысуға мүмкіндік беру маңызды. Алматыда экология, білім беру, технология, әлеуметтік қолдау, кәсіпкерлік және қалалық ортаны дамыту бағыттарында жұмыс істейтін көптеген белсенді қауымдастық бар. City Makers оларды ортақ мақсат – Алматыны одан әрі жақсарту төңірегінде біріктіреді», – деді ол.

Фестиваль алты бағытты қамтыды: «Болашақ қаласы», «Білім және мансап», «Креативті экономика», «Экология», «Қамқорлық және қолдау», «Туризм және Алматы».

Іс-шараға Qazaq IT Community, Women in Tech Kazakhstan, TechnoWomen, ENACTUS Kazakhstan, Almaty Creative, Impact Hub Almaty, Almaty Walking Tour, Almaty Museum, ARTBAT FEST, Almaty Marathon, Алматының жоғары оқу орындары және басқа да ұйымдар қатысты.

City Makers: JASTAR QALASY қалалық бастамалар мен жастарды байланыстырып, тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестік орнатуға және бірлескен жобаларды бастауға мүмкіндік беретін ортақ алаңға айналды.