Қазақстанда жеті жылда 312 жаңа мәдениет нысаны салынды
Кейінгі жеті жылда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда мәдениет саласын дамыту, ұлттық мұраны сақтау, отандық өнерді қолдау және мәдени инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды, деп жазады Adaladam.kz.
Осы кезеңде театр, музей, кітапхана және мәдениет үйлерін қоса алғанда, ел аумағында 312 жаңа мәдениет нысаны салынды. Қолданыстағы нысандар да жаңғыртылып, олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Өңірлерде тұрғындарға көрсетілетін мәдени қызметтердің аясын кеңейтуге басымдық берілді.
Кітапхана ісі мен шығармашылық білім беруді дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Кітапханаларды 2027 жылға дейін жаңғырту жөніндегі Жол картасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар өңірлердегі мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Алматыда шығармашылық оқу орындарының студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана құрылысы басталды. Петропавлда Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігі ашылса, Шымкентте Мәдениет және өнер университетін құру жұмыстары қолға алынды.
Театр өнерінде де бірқатар маңызды өзгеріс болды. Кейінгі жеті жылда Астана, Атырау, Қызылорда және Шымкент қалаларында бес жаңа мемлекеттік театр құрылды. Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театр, Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы театр және Түркістан музыкалық драма театры жаңа ғимараттарға көшті.
Қазіргі уақытта Ақтөбе мен Қонаев қалаларында театр құрылысы жүріп жатыр. Шымкент, Қызылорда және Семей қалаларында жаңа театр салу жобалары пысықталуда. Мұхтар Әуезов және Наталия Сац атындағы театрларды жаңғырту жұмыстары да жалғасып келеді.
Жетекші мәдени ұйымдардың мәртебесін көтеруге де мән берілді. Кейінгі алты жылда республикалық 10 мекемеге «Ұлттық», ал республикалық және өңірлік тағы 10 ұйымға «Академиялық» мәртебе берілді. Отыз жылға жуық үзілістен кейін «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы қайта тағайындалды.
Отандық театрлардың репертуары жаңа шығармалармен толықты. Сахналарда «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Алтын гүл», «Ақбала» балеттері, «Жошы хан» тарихи драмасы және «Қыпшақ қызы Аппақ» операсының премьералары өтті. Сонымен бірге «Гүлдер» ансамблі қайта құрылып, Мемлекеттік классикалық гитарашылар квинтеті мен көпұлтты «Бірлік» ансамблі жұмысын бастады.
Музей саласында да елеулі өзгерістер болды. Қазақстандағы музейлер саны 250-ден 286-ға дейін артып, музей қорлары 68 669 сақтау бірлігімен толықты.
Бес визит-орталықтың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Олар – Алматы облысындағы «Таңбалы», Түркістан облысындағы «Отырар» және «Ордабасы», Ұлытау облысындағы «Ұлытау», Атырау облысындағы «Сарайшық» визит-орталықтары.
Жаңа визит-орталықтарды дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр. Олардың қатарында Түркістан облысындағы «Сауран», «Гауһар ана» және Алматы облысындағы «Есік» нысандары бар.
Екі музейде «Алтын Орда» залдары ашылды. Сонымен қатар Палеонтология залы мен Қолөнершілер орталығы жұмысын бастады. Ірі жобалардың бірі – ашық аспан астындағы «Бозоқ» археологиялық паркі. Бұдан бөлек, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне күрделі жөндеу жүргізілді.
Музей қорларын цифрландыру жұмыстары да жаңа деңгейге көтерілді. 2025 жылы еліміздегі 284 музей туралы мәліметті қамтитын E-museum платформасы іске қосылды. Цифрлық каталогқа 66 мыңнан астам музей жәдігері енгізіліп, 750 үшөлшемді модель мен 15 виртуалды тур әзірленді.
Қазақстан музейлерінің шетелдік әріптестерімен байланысы да кеңейді. Отандық музей қорларындағы құнды жәдігерлер Ресей, Италия, Франция, Қытай және Әзербайжандағы көрмелерде көрсетілді. 2025 жылы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің туындылары Третьяков галереясында қойылды. Ұлттық жобалар Венеция биенналесі мен Париждегі Гиме Азия өнері музейінде таныстырылды. Ал 2026 жылы «Қазақстан – Франция 2026» халықаралық Қазақстан музей конгресі – музеология форумы өтті.
Мәдени мұраны қорғау бағытында Түркістанның Қазақстанның рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ретіндегі ерекше мәртебесі заң жүзінде бекітілді.