Қазақстанда егін өнімділігін арттыру үшін жаңа технологиялар кеңінен енгізілмек
Қазақстанда ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру, егістік алқаптарын тиімді пайдалану және заманауи технологияларды енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл шаруалар 2,2 млн тонна минералды тыңайтқыш пайдаланып, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 7 пайызға жетті, деп хабарлайды Adaladam.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, бұл жұмыстар Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізілуде. Осы мақсатта 2024–2028 жылдарға арналған арнайы жол картасы әзірленген.
Аталған құжат аясында егістік жерлерді тиімді пайдалану үшін табысы жоғары дақылдардың үлесін көбейту көзделген. Яғни шаруаларға тек дәстүрлі дақылдарды өсірумен шектелмей, нарықта сұранысы жоғары әрі экономикалық тұрғыдан тиімді өнім түрлерін көбейтуге басымдық беріледі.
АШМ мәліметінше, егін өнімділігін арттырудың маңызды жолдарының бірі – сапалы тұқым мен минералды тыңайтқыштарды пайдалану. Биыл елімізде элиталық тұқымдардың үлесі жоспарланған 11,6 пайыздан асып, 12 пайызға жеткен.
Сонымен қатар шаруалар егістікке 2,2 млн тонна минералды тыңайтқыш енгізген. Бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 66 пайызын құрайды. Министрлік алдағы уақытта тыңайтқыштарды қолдану көлемін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр.
Елімізде ескірген тракторлар мен комбайндарды жаңа техникаға ауыстыру жұмыстары да жалғасуда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, 2026 жылы техниканы жаңарту деңгейі 7 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 8 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, климаттың өзгеруі мен су тапшылығы жағдайында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Мұндай технологиялар суды тиімді пайдалануға, егіннің өнімділігін сақтауға және шаруашылықтардың ауа райына тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді.
АШМ хабарлауынша, қолға алынған шаралардың басты мақсаты – әр гектардан алынатын өнім көлемін тұрақты арттыру, өндіріс шығындарын азайту және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішкі әрі сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейту.
Осы бағытта сапалы тұқым пайдалану, тыңайтқыш көлемін көбейту, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қатар жүргізілмек.