×

«Ауыл балалары ғана қатысады»: Астанада ауқымды спорт турнирі өтеді

Даурен Омаров 02.11.2026 | 17:02
«Ауыл балалары ғана қатысады»: Астанада ауқымды спорт турнирі өтеді
Adal Adam

3-7 қараша аралығында Астанада еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылардың басын қосатын AUYL SPORT республикалық турнирі өтеді, деп хабарлайды Adaladam.kz.

2 қарашада Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде турнирге арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиында Тимур Құлыбаев атындағы Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов пен Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы бас директорының міндетін атқарушы Наталья Дрейт журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Биыл жобаға еліміздің 17 өңіріндегі 400-ден астам ауылдан 15 мыңнан аса бала қатысқан. Олардың арасынан іріктелген үздік жас спортшылар елордада өткелі отырған додада спорттың 8 түрінен бақ сынайды.

Ғалымбек Жақсылықов жобаның басты ерекшелігіне тоқталды.

«AUYL SPORT жобасы 2024 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жобаның басты артықшылығы – оған тек ауыл балалары қатысады. Қаланың бірде-бір баласы қатыспайды. Онсыз да қала баласының жарыстарға баруға, спорт инфрақұрлымына қол жеткізуге мүмкіндігі мол. Сонымен қатар, біз ауыл балаларының таным көкжиегін кеңейтуді, тұлғалық қасиеттерін дамытуды мақсат етіп отырмыз», – деді ол.

Оның айтуынша, республикалық турнирге келген балалардың барлық шығынын Halyk қайырымдылық қоры көтереді. Атап айтқанда, қатысушылардың Астанаға келіп-кету жолақысы, қонақүйде тұруы, үш мезгіл тамақтануы және қала ішіндегі көлік қатынасы толық қаржыландырылады.

Осылайша, ауылдан келген балалардың ата-аналары мен жаттықтырушыларына қосымша қаржылық салмақ түспейді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық кезеңде үздік нәтиже көрсеткен спортшылар халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады. 

Жоба қатысушылары қазірдің өзінде шетелдік жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтқанда, ауыл спортшылары Қытайдағы Азия чемпионатында, Түркиядағы «Достық кубогында», Өзбекстандағы үстел теннисі турнирінде және Грекиядағы еркін күрес жарыстарында жақсы нәтижелер көрсеткен.

Жалпы, 2025–2026 жылдары AUYL SPORT қатысушылары Сербия, Түркия, Өзбекстан, Грекия, Қырғызстан және басқа да елдерде өткен 10 халықаралық жарысқа қатысып, алтын, күміс және қола медальдар жеңіп алған.

Биылғы жобаның басты жаңалығы – үздік нәтиже көрсеткен ауылдарда 10 жаңа спорт алаңын салу жоспарланып отыр.

Бұл бастама ауылдардағы спорт инфрақұрылымын жақсартып, балалардың тұрақты түрде жаттығуына жағдай жасауға бағытталған.

Айта кетейік, AUYL SPORT республикалық турнирінің жарыстары 3–7 қараша аралығында Астанада өтеді. Ал салтанатты ашылу рәсімі 6 қарашада сағат 12:00-де «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде ұйымдастырылады.