×

Төрт жыл туралы толғаныс

Даурен Омаров 07.04.2026 | 16:42
Төрт жыл туралы толғаныс
ашық дереккөз

Уақыт деген - бәрінің шындығын шығарып, шырайын кіргізуші өзгеше күш қой. Әлеуметтік желі беті көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тұғырлы туған жерімізге әкім болып тағайындалғанына 4 жыл толуына орай ықыласты лебіздермен өрнектеліп жатыр. Әрине, бәрі жағымды.

Осы төрт жылдың менің санамдағы кескіні мен келбеті туралы мен де жазба жолдауды жөн көрдім. Ең әуелгісі - өзіміздің бастамамызбен, аймақ басшысының тікелей қолдауымен Алматы қаласында өткен Сыр бойы ақындарының поэзия күндері еді. 

Ақынға қашан да мәртебеден бұрын мейірім, марапаттан бұрын махаббат керек қой. Біздер, Сыр бойының Қатира Жәленова бастаған аға буын, өзіміз қоштаған жас буын ақындары Алматыға сол сапарда еркелеп барып қайттық. Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісовтер бар зейінін, бар ықыласын аударған, Бауыржандай батырлар, Мұқағалидай ақындар, Жұмекен, Қадір, Жарасхандай жақсылар ыстық ұя еткен Жазушылар Одағының сарайына алшаңдай басып кіріп, ақтарылып өлең оқыдық. Ақжарылып келген алматылық оқырманның алғаусыз ықыласына бөлендік. Сол күндерді әлі күнге дейін еске аламыз, сағынамыз. Мұның бәрі - Нұрлыбек Машбекұлының тікелей қолдауымен жүзеге асып еді.

Онан кейінгі осы төрт жыл ішіндегі шын қуанышымның бірі - Қазақтың Қатирасына, ақын Қатира Жәленоваға әкімнің өзі 3 бөлмелі пәтерді табыс еткен кез еді. Бар ауыртпашылығым жеңілдеп, бар мұңым тарқағандай күй кештім десем, әсіре айтпаған болар едім.

Ал, үшінші елеулі қуаныш - аймақ басшысы келе салысымен Тұран таланттарына арнап тағайындаған “Тұран” сыйлығын алып жатқандағы ақын-жазушы аға-апалардың, шын таланттардың, Сыр өңірін ештеңеге айыбастамаған саңлақтардың қуанышты жүзін көргендегі шаттық. Қандай ғажап болды деңіз. Міне, бұның да себепкері - Нұрлыбек Машбекұлы.

Сыр мәдениетіне тағдырын арнаған өңір өнерпаздарының Швейцариядағы, Италия, Испаниядағы, Эстониядағы жадыраған сәттерін, кеудесін кернеген мақтанышын көру - тіпті бақыт екен. 

2022 жылдан бастап аймақ басшысының қатысуымен өтетін маңызды, салтанатты шаралардың, Қызылорда облысының өзге өңірлердегі, шет елдердегі мәдени күндерінің сценарийін жаздым. Жазғанда қандай ғып дейсіз ғой, шалқып, шабыттанып тұрып жаздым. Жоғарыдағыдай жетістіктердің бәрін тізбелеп жаздым. Сырдың мерейі мен мәртебесіне марқайып тұрып, мақтанып тұрып! Соның бәрін тыңдап отырған жұртшылықтың аямай соғатын қошеметі - міне, барлық сөздің, барлық суреттеменің шын екеніне анық та, айқын дәлел!

Бүгінде біздің өңір - елге үлгі. Жұрттың аңсарын аударған қала - Қызылорда. Ал, осының бәрінің дәнекері, себепкері - мен айтып отырған 4 жыл бойы бір тынбай еңбек еткен Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев. 

Аман болсын, Азамат!

Мақсат Дауылбай