×

Шикізат жеткізумен ғана шектелмейді: Тоқаев Германияға жаңа серіктестік ұсынды

Даурен Омаров 29.09.2026 | 11:47
Шикізат жеткізумен ғана шектелмейді: Тоқаев Германияға жаңа серіктестік ұсынды
aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Handelsblatt іскерлік басылымында жарияланған мақаласында Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді ұсынды, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Германия үшін тек шикізат жеткізуші болып қалмай, геологиялық барлаудан бастап дайын компоненттер шығаруға дейінгі толық өндіріс тізбегін бірге қалыптастыруға мүдделі екенін айтты.

«Біз германиялық серіктестерге тек шикізат жеткізуге кепілдік беріп қана қоймай, геологиялық барлау мен кен өндіруден бастап, оны өңдеу, компоненттер шығару және материалдарды қайта қадеге жарату кезеңдерін түгел қамтитын толық өндіріс тізбегін қалыптастыруды ұсынамыз», – деп жазды Президент.

Тоқаевтың мәліметінше, Қазақстан Еуропа экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар 34 шикізат түрінің 21-ін өндіреді. Олардың қатарында литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс бар. Бұл ресурстар энергетика, машина жасау, микроэлектроника және цифрлық технологиялар үшін маңызды.

Германияға 80-нен астам дайын өнім ұсынуға болады

Президент екі ел арасындағы сауда айналымы 2025 жылы 9 млрд долларға жуықтағанын, Қазақстанда герман капиталының қатысуымен мыңнан астам кәсіпорын тіркелгенін атап өтті.

«Біз Германия нарығына 80-нен астам дайын өнім түрін жеткізе аламыз», – деді Мемлекет басшысы.

Оның сөзінше, металлургия, мұнай химиясы, тамақ өнеркәсібі және теміржол машинасын жасау салаларында үлкен мүмкіндік бар.

Қазақстан ЕО мұнайының шамамен 13 пайызын қамтамасыз етеді

Мақалада энергетикалық ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылған. Президент келтірген дерек бойынша, Қазақстан Еуропалық Одақ импорттайтын мұнайдың шамамен 13 пайызын және табиғи уранның 20 пайызын қамтамасыз етеді.

«2025 жылы Германияға жеткізілген мұнай көлемі 10 миллион тоннадан асты. Біз көлік тасымалы мүмкіндіктерін ескере отырып, бұл міндетті одан әрі жауапкершілікпен атқаруға әзірміз», – деп жазды Тоқаев.

Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері, электр желілерін жаңғырту және энергия тиімділігін арттыру бағыттарында да Германиямен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екені айтылды.

Қытайдан Еуропаға баратын құрлық жүктерінің 85%-ға жуығы Қазақстан арқылы өтеді

Президент Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік рөліне де тоқталды.

«Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Былтыр шамамен 40 миллион тонна жүк жеткізілді», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, биылғы сегіз айда Транскаспий халықаралық көлік бағытымен тасымалданған жүк көлемі 22 пайызға, ал Шығыс – Батыс бағытындағы транзит 55 пайызға артқан.

Жаңа көлік жобалары Қытай – Еуропа бағытын 1000 шақырымға қысқартып, бірқатар өңірді Каспийдегі порттармен тікелей байланыстыруға мүмкіндік бермек.

Цифрландыру мен жасанды интеллект те назарда

Мемлекет басшысы қазақ-герман ынтымақтастығы шикізат пен энергетикамен шектелмеуі керектігін айтты.

«Қазіргі заманда тауар қозғалысы деректер қозғалысымен тығыз байланысты. Сондықтан цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу қазақ-герман ынтымақтастығының тағы бір перспективті бағытына айналуға тиіс», – деп жазды Президент.

Тоқаев Германия стандарттары бойынша білім алған қазақстандық инженерлерді даярлау мен бірлескен кәсіпорындарда жұмыс істейтін білікті мамандар қалыптастыруға да мән берді.

Президент мақаласын немістің «Einigkeit macht stark» – «Күш – бірлікте» деген нақылымен түйіндеді.

«Өзара тиімді ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте отырып, елдеріміз Еуразия құрлығындағы тұрақтылық пен өркениет кеңістігін нығайта береріне сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.