Бірқатар лауазымды тұлғалар қайта тағайындала немесе қайта сайлана алады – Конституциялық Сот
Қазақстанның Конституциялық соты жаңа Конституцияға қатысты маңызды түсіндірме берді.
Соттың шешіміне сәйкес, 1995 жылғы Конституция кезінде белгілі бір лауазымды атқарған азаматтардың сол қызметтегі бұрынғы мерзімі енді есепке алынбайды.
Яғни жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енгеннен кейін, мұндай азаматтар қайтадан сол қызметке сайлана немесе тағайындала алады.
Конституциялық соттың түсіндіруінше, жаңа Конституцияда 1995 жылғы Конституция кезеңінде атқарылған қызмет мерзімдерін немесе бұрынғы сайлану фактілерін есепке алу туралы талап жоқ.
«Мұндай адамдардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы алғаш рет сайлану не тағайындалу деп есептеледі», – делінген Конституциялық соттың нормативтік қаулысында.
Бұл түсіндірме Президенттің Конституциялық сотқа жолдаған ресми өтініші негізінде берілді.