×

Нотариус Айгерім Әбдібекқызы: қызмет, міндет, аналық пен даналық алдындағы парыз

Даурен Омаров 14.09.2026 | 12:50
Нотариус Айгерім Әбдібекқызы: қызмет, міндет, аналық пен даналық алдындағы парыз
Adal Adam

Бүгінгі жаңа Қазақстан негізгі ұстанымдары мен көзқарастарының бағытын түбегейлі өзгертті деуге болады. Бұрынғы экономика мен идеология арасындағы жеңімпазы жоқ текетіреске бұл күндері «Заң мен тәртіп» деп аталатын қабырғалы қағидат қадағалаушылық етеді. Осы ретте, аталған ұстанымға жан бітіріп, сенім үдесінен шығуына күш салатын алғашқы лек – заң өкілдері, құқық қорғаушылар, нотариустар.

Кейде осы мамандықтар арасында да маңыздылығы мен қажеттілігі қоғам шеңберінде толық зерделенбеген мамандықтар кездесіп жатады. Соның бірі - аты айқайлап тұрғанымен, атқаратын функциясы, атап айтқанда, қызметінің бұқараға тиімдігі екшелмеген заң лауазымгері болып табылатын нотариустар. Әсіресе, қалың көпшіліктің қарыз көлемі басынан асып жатқан бүгінгідей қауырт әрі күрделі кезеңде мұндай мамандардың пайдасы мен құзіретінің қажеттілігі ауадай.

Кеңінен қозғайық: Қазақстанда халықтың банк алдындағы қарызы жылдан-жылға артып келеді. Несие - көп жағдайда азаматтың қаржылық мүмкіндігін кеңейтетін құрал болса, екінші жағынан уақытында өтелмеген жағдайда күрделі құқықтық мәселеге ұласуы мүмкін міндеттеме. Сол үшін де қарызды өндіріп алу мәселесі қазір қоғамдағы ең өзекті тақырыптардың біріне айналды.

Қарызды қайтару процесіне заң аясында бірнеше институт қатысады. Ол қатарда коллекторлық агенттіктер, сот орындаушылары және нотариустар бар. Әрқайсысының атқаратын қызметі мен өкілеттігі заңмен нақты айқындалған. Дей тұрғанмен, осы тетіктердің ішінде борышкерге де, кредиторға да ең тиімді әрі өркениетті құқықтық жол ұсынатын маман – нотариус.

Нотариус – тек құжатқа мөр басатын тұлға емес, ол - азаматтық құқықтық қатынастардың заңдылығын қамтамасыз ететін, даулардың алдын алатын және қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыратын кәсіби заңгер. Қарызды өндіріп алу мәселесінде нотариустың басты ерекшелігі – тараптарды ұзаққа созылатын сот процестеріне жеткізбей, заң шеңберінде мәселені тиімді шешуге мүмкіндік беруінде. Нотариустың атқарушылық жазбасы институты – соның айқын дәлелі. Егер, заң талаптары сақталса, кредитор өз талабын сотқа жүгінбей-ақ нотариус арқылы рәсімдей алады. Бұл уақытты да, қаржыны да үнемдейді. Ең маңыздысы – нотариус бір ғана тараптың емес, екі тараптың да заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерінің сақталуын назарда ұстайды.

Көпшілік нотариусты кредитордың, банктің мүддесін қорғайтын тұлға деп қабылдауы мүмкін. Шын мәнінде нотариустың қызметі - әділдік қағидатына негізделген. Ол әрбір әрекетті заң талаптарына сәйкестендіріп, құжаттардың дұрыстығын тексереді, борышкердің заңмен көзделген құқықтарының сақталуына ерекше мән береді. Борышкердің атқарушылық жазбаға қарсылық білдіруіне, өз дәлелдерін ұсынуына және заңмен белгіленген тәртіпте өз құқығын қорғауына толық мүмкіндік қарастырады.

Коллекторлардың қызметі, негізінен, қарызды өндіріп алуға бағытталса, сот орындаушылары сот шешімі немесе атқарушылық құжат негізінде мәжбүрлеп орындау шараларын жүзеге асырады. Ал, нотариус - мәселеге оның осы кезеңдерге жетуіне дейін араласып, құқықтық рәсімдердің заңдылығын қамтамасыз етеді. Сондықтан, нотариустың қызметі тек қарыз өндірумен шектелмейді, ол - азаматтар арасындағы құқықтық тепе-теңдікті сақтайтын маңызды институт.

Бүгінгі күні нотариат қоғам үшін бұрынғыдан да маңызды рөл атқаруда. Себебі оның қызметі тек уақыт үнемдеумен ғана емес, адамдар арасындағы құқықтық сенімді нығайтумен де бағаланады. Нотариус заңды түсіндіреді, тәуекелдің алдын алады, тараптардың құқықтарын қорғайды және құқықтық даулардың өршуіне тосқауыл болады.

Заң үстемдігі орнаған мемлекетте нотариус – жай ғана құжат рәсімдеуші емес, әділдікке бастайтын құқықтық көпір. Оның кәсіби еңбегі азаматтардың құқықтарын қорғауға, қаржылық тәртіптің сақталуына және қоғамдағы құқықтық мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Сондықтан, нотариустың қызметін бағалау – заңға деген құрметті бағалаумен тең.

Осындай демократтық, обьективті көзқарастың қалыптасуын көздейтін біздің редакция елімізде жыл сайын аталып өтетін «14-ші шілде – Нотариат күні» мерекесі аясында Қазақстандық нотариустардың тыныс-тіршілігіне зер салған болатын. Іздегенге – сұраған! Республикалық нотариаттық палата ғұмыр балансын кәсіби біліктілік және азаматтық борыш таразысында теңестіріп, адами биікке көтерілген нотариустар жөнінде мазмұнды, мәнді айдар бастапты. Арасында адамдығы, азаматтығы, аналығы теңескен тәжірибелі нотариус  Айгерім Әбдібекованың ғұмырнамасы көңілге қона кетті. Осынау еңбекті жолды ел назарына ұсыну үшін Айгерім Әбдібекқызын аз-кем әңгіме тартқан едік. Насихатқа, дәріптеуге ынталы еместігін әу басынан-ақ сездірген ол ізденісі, еңбек жолы, отбасы, принциптері мен болашаққа қойған жоспарлары туралы бізбен қысқаша ой бөлісті.

***

Тәртіп - қатып қалған қатаң қағида, ал, заң - соғып тұрған жүрек секілді тірі организм. Ол - жетіліп, дамып, нығайып тұрады. Мұндай салаға жауапты адамда үлкен жүрек пен сезім, әділет пен ар алдындағы адалдық болмаса, бүтін бір тағдыр тәлкекке ұшырап кетуі әбден мүмкін. 

Сондай жауапкершілікті арқалаған жандардың бірі - Астана қаласы Нотариустар палатасының 2013 жылдан бергі мүшесі - Айгерім Әбдібекқызы Әбдібекова. 

Нотариус - әділет пен ақиқаттың аманатын арқалаған, заң мен өзі мөр басқан ең маңызды құжаттар алдында өмір бойы жауапты болатын, қателігі ешқашан кешірілмейтін мәртебелі маман. Осынау қиын да, қызық мамандықты Айгерім Әбдібекқызы Қазақ Мемлекеттік Заң академиясында меңгерген. Жар. Ана. Заңгерлер отбасының мүшесі бола жүріп, қалың бұқараның қажетіне жарай жүріп, Тәуелсіздігіміздің ең негізгі төлқұжатына адал қызмет ете жүріп 3 бала тәрбиелеп келе жатқан отанасы. Отбасылық өмір машақаты мен үздіксіз кәсіби ізденісті қатар алып келе жатқан ол бүгінде магистратурада білімін жетілдіріп, “нотариат саласындағы цифрландыру” тақырыбында диссертация қорғауға әзірленіп жүр. Мемлекеттік лицензия алған күнінен Франция сияқты ірі мемлекеттің Нотариустар палатасында баяндама жасағанға дейінгі оның еңбек жолы - шеберлік пен шыңдалуға толы жылдар. 2026 жылы Франция мемлекетінде “Правовые системы стран Европейского Союза. Практики оказания юридической помощи, исполнительных и примирительных процедур” тақырыбымен өткен Халықаралық тағылымдамадан жинап келген зор тәжірибесі де бүгінгі нотариустар жұмысын жүйелеуге қомақты үлес қосып келеді. 

Саладағы тілдік қолданыс толыққанды Қазақ тіліне ойысуын қалайтын ол әркүн сайын кезігетін әртүрлі оқиғалардың іс-құжаттарын зерделеуді ғана емес, қызметке жүгінушінің тілегі мен қалауын, мәселенің психологиясын зерттеу қасиетін де тұрақты шыңдау үстінде. Сонымен бірге, азаматтардың несиелік жүктемесі мөлшерден асқан бүгінгідей кезеңде банк пен бұқараның арасында заң жолымен байланыс көпірін орнатып, халық игілігіне лайықтап атқарушылық жазба әзірлеудегі оның көпжылдық тәжірибесі - жыл сайын ұшталып келе жатқан шеберлік мектебі.

Осынша жауапты жұмыста жүріп, мемлекеттің болашағы саналатын өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі оның еңбегі - тіпті керемет.

Футбол - әлемдегі ең танымал спорт түрі. Ал, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту Қазақстандағы мемлекеттік спорт саясатының басым бағыттарының бірі саналады.

Отбасы тарихындағы жарқын жетістіктердің бірі - кенже ұлы Сағатбек Шәкәрімнің футболдағы табыстары. Ол ата-анасының ерекше қамқорлығы мен қолдауының арқасында төрт жасынан бастап футболмен жүйелі түрде айналысты. Бес жасынан бастап «Эверест», «Динамо» және «Астана» футбол клубтарының жасөспірімдер командаларының намысын қорғады.

2022 жылы Португалияның әйгілі футбол мектебінің өкілі, Португалия ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Карлос Андреаның жетекшілігімен ProFootball академиясында кәсіби даярлықтан өтті. Бұл кезең оның футболшы ретінде қалыптасуындағы маңызды белес болып, еуропалық футболға жол ашты. Кейін Шәкәрім қайтадан Португалияға оралып, бұл жолы кәсіби мансабын ұзақ мерзімге жалғастырды. 2024 жылдан бері Португалияның «CAAF Atlântico» футбол клубының сапында өнер көрсетіп келеді, сонымен бірге, қатарынан екі маусымда өз командасымен бірге чемпиондық титулға қол жеткізді. 

Бұл жетістіктердің өзегінде жылдар бойғы тынымсыз еңбек, ата-анасының мызғымас сенімі мен күнделікті қолдауы жатыр. Сол қолдаудың нығаюында жары Ғалым мырзамен бірге Айгерім Әбдібекқызының да өлшеусіз еңбегі мен ерекше жанашырлығының орны айрықша.

Әділетке, заң мен тәртіпке, гуманизм мен моральға, әдеп пен мәдениетке негізделген болашақ – жаңа Қазақстанның таңдауы. Осы ретте отбасы, қоғам, адам алдындағы жауапкершілікке тең қарап, адами биікке қол созып жүрген әрбір азамат – құрметке лайық. Халыққа, әулетіне, жары мен ұрпағына қадірі үстем Айгерім Әбдібекқызын да біздер сондай құрметті жандар сапына қосамыз!

Дәурен Омаров