×

«Әділет» партиясы төрағасының үш жаңа орынбасары тағайындалды

Даурен Омаров 15.09.2026 | 11:23
«Әділет» партиясы төрағасының үш жаңа орынбасары тағайындалды
"Әділет" партиясы

«Әділет» партиясының басшылық құрамында жаңа тағайындаулар болды. Партия төрағасының бұйрығымен Асхат Оралов, Нұрсұлтан Байтілесов және Эльдар Жұмағазиев төраға орынбасарлары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Асхат Оралов бақылау, талдау және қызметті бағалау бағытына жетекшілік етеді. Ол бұған дейін Мәдениет және спорт министрі, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Астана әкімінің орынбасары, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған. Соңғы қызметі – Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары.

Нұрсұлтан Байтілесов құқықтық және заңнамалық мәселелерге жауап береді. Ол еңбек жолын аудандық сот маманы қызметінен бастап, Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарына дейін өскен. Сондай-ақ VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болды.

Ал Эльдар Жұмағазиевке экономика, салалық және өңірлік даму бағыттары жүктелді. Ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында басшылық қызметтер атқарып, партиялық және өңірлік деңгейде жұмыс істеген.

Бұған дейін «Әділет» партиясы төрағасының орынбасарлары болып Әлия Адамбаева – коммуникация, Ержан Жылқыбаев – идеология, Қаныш Төлеушин – цифрландыру мәселелері бойынша тағайындалған болатын.

Осылайша, «Әділет» партиясы төрағасының орынбасарларының саны алтауға жетті.