Қазақстанда тіл мерекесіне орай «Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі» атты республикалық конференция өтті

2025 жылғы 5 қыркүйекте Астана қаласындағы Назарбаев университетінде Қазақстан халқы тілдері күні мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналған республикалық ғылыми жиын ұйымдастырылды. Конференцияны Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өткізді, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин, «Тіл-Қазына» ұлттық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай, сондай-ақ ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Еліміздің барлық өңірінен тіл саясатына жауапты мамандар мен білім басқармалары өкілдері онлайн қосылды.
Жиында ғылым, білім, технология, тіл саясаты және цифрлық даму мәселелері қаралып, мемлекеттік тілдің қазіргі заманғы ғылыми-цифрлық кеңістіктегі орны талқыланды.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тіліндегі мәтінді дыбысқа айналдыратын TTS (Text-to-Speech) жобасын таныстырды. Бұл бастама қазақ тілінің дыбыстық қорын жасанды интеллект жүйесіне енгізіп, ғылым мен технология саласында қолдану мүмкіндіктерін кеңейтеді. Қазақша дыбыс моделі халықаралық Hugging Face платформасында жарияланбақ.
Конференция аясында «Қазақ тілі» қоғамы мен «Тіл-Қазына» орталығы бірлесіп, «Ұлттық диктант» жобасын ресми іске қосты. Жобаның мақсаты – жазу мәдениетін дамыту, сауатты жазу дағдыларын жетілдіру және тіл арқылы ұлттық бірегейлікті нығайту. Диктант офлайн және онлайн форматта өткізіледі, оған кез келген азамат қатыса алады.
Конференцияның ресми бөлігі аяқталған соң қатысушылар белгілі диктор Қымбат Досжанның жүргізуімен алғашқы «Ұлттық диктантқа» қатысты. Мәтін ретінде қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларынан үзінділер таңдалды. Қатысушыларға баға қойылмайды, әркім өз сауаттылығын өзі тексереді.
Онлайн диктантты кез келген уақытта www.til.kz платформасында жазуға болады. Қатысушыларға электронды алғыс хат пен KITAP платформасына тегін жазылым беріледі.
Жоба қорытындысы жыл соңына дейін жарияланып, «Ұлттық диктант» енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады.