Құқық бұзушылықтың алдын алу: Алматы мектептерінде жаңа жоба іске қосылды
Алматы қаласының жалпы білім беретін оқу орындарында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың құқықтық мәдениетін дамыту мақсатында кең көлемді құқықтық дәрістер легі бастау алды, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Жоба аясында ювеналды полиция, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мамандарынан құралған мобильді топтар жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізіп жатыр.
Дәріс барысында полиция қызметкерлері жасөспірімдерге қылмыстық және әкімшілік заңнаманың негізгі қағидаларын қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізіп, құқық бұзушылықтың салдары мен қылмыстық схемаларға тартылмаудың жолдарын түсіндіреді.
Кездесулерде маңызды тақырыптар талқылануда: кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығы, интернет қауіпсіздігі, онлайн-алаяқтық, дроперлік, сондай-ақ есірткіні қолдану мен таратудың зияны.
«Біздің мақсатымыз – тек ескерту ғана емес, сонымен қатар жасөспірімдерді қауіпті жағдайларды анықтай білуге және дұрыс шешім қабылдауға үйрету. Біз балалармен ашық тілде сөйлесіп, өмірден алынған нақты мысалдар келтіреміз, бұл олардың ойланбай жасалған әрекеттердің салдарын жақсы түсінуіне мүмкіндік береді», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанова.
Оның айтуынша, мұндай кездесулер мегаполистің барлық аудандарында өтеді және мектептер мен колледждерді қамтиды. Ерекше назар тәуекел тобындағы және профилактикалық есепте тұрған жеткіншектерге аударылады.
«Біз оқушылардың белсенділік танытып отырғанын байқаймыз: олар көптеген сұрақтар қояды, әсіресе киберқауіпсіздік пен жауапкершілік мәселелеріне қызығушылық білдіреді. Бұл форматтың тиімді әрі сұранысқа ие екенін көрсетеді», – деп қосты Шонжанова.
Құқықтық дәрістер оқу жылы бойы жалғасын табады. Полиция өкілдерінің айтуынша, жоба аясында педагогтерді, психологтерді және ата-аналар комитеттерін тарта отырып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың кешенді профилактикасын қалыптастыру көзделген.