Маңғыстауда халықаралық жастар форумы басталды
Бүгін, 5 қараша күні, Ақтау қаласында «Aktau Youth Forum» халықаралық жастар форумы өз жұмысын бастады. Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен және Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия елдерінен келген 150 жас көшбасшы қатысуда, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Форум аясында ең алдымен жастар жүзеге асырған әлеуметтік және танымдық бағыттағы жобалар көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге еліміздің түкпір-түкпірінен 60-қа жуық өтінім түсіп, олардың ішінен 10 үздік жоба іріктеліп алынған.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай көрмені аралап, қатысушылардың идеяларымен және бастамаларымен танысты.
Көрмеден кейін облыс әкімі форумның салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, қатысушыларды құттықтап, форумның басты миссиясын атап өтті.
«Бүгінгі форумда түркітілдес бауырлас елдерден келген ертеңгі күннің көшбасшылары жиналып отыр. Бұл шара – Мемлекет басшысының жастарды қолдау бағытындағы стратегиялық саясатының жарқын көрінісі.
Сіздер – әлемнің болашағысыздар. Әрқайсыңыз өз салаларыңызда үздік маман, елге пайдасын тигізер азамат болуға әлеуеттісіздер. Ертең биік жетістіктерге жеткенде, бүгінгі кездесулеріңізді еске алып, алғашқы қадамдарыңыздың "Aktau Youth Forum"-нан басталғанын ұмытпаңыздар.
Бүгінгі форум достық пен ынтымақтастықтың мекеніне айналады деп сенемін», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Форумның басты мақсаты – жастардың рухани, интеллектуалды және әлеуметтік әлеуетін арттыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыруға үлес қосу.
Бағдарлама «Серпіліс», «Сана», «Саулық», «Сауат» бағыттарын қамтиды. Осы бағыттар бойынша панельдік сессиялар, семинар-практикумдар, воркшоптар және Маңғыстау облысының мәдени-тарихи нысандарына экскурсиялар ұйымдастырылады.
Форумда өз саласында жетістікке жеткен бірқатар танымал тұлғалар жастармен кездеспек. Олардың қатарында: Дана Нұржігіт, Өркен Кенжебек, Нұрлан Байжігітұлы, Тимур Бектұр, Дина Төлепберген, Данияр Жігітбек, Айкерім Есенәлі және басқа да спикерлер бар.
Олар қатысушылармен тәжірибе алмасып, жеке даму мен көшбасшылық туралы пікірлерімен бөліседі.
Халықаралық «Aktau Youth Forum» үш күнге созылады және 7 қарашаға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде жастар бір-бірімен байланыс орнатып, жаңа идеялармен және бірлескен жобалармен бөліседі.
Маңғыстауда өтіп жатқан форум — жас көшбасшылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, Түркі мемлекеттері арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.