Даму, инвестициялар, жұмыс орындары - Маңғыстау облысында Президенттің бастамалары іске асырылуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл сәуір айында Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында қарыздарды субсидиялау бағдарламалары шеңберінде өнеркәсіп, туризм және агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыруға «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның қаржыландыру көлемін ұлғайтуды тапсырған болатын. Аталған тапсырмаға сәйкес облыс әкімдігі жеңілдетілген несиелеу тетіктерін енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Атап айтқанда, шағын және орта бизнес субъектілеріне 200 млн теңгеге дейін несие беруді қарастырып, қарыз алушылар үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі - 12,6% деңгейінде бекітілді.
Бағдарлама экономиканың басым салаларында яғни өнеркәсіп, көлік және логистика, туризм, білім беру мен медицина бағыттарында кәсіпкерлікті ынталандыруға бағытталған.
Сондай-ақ, өнеркәсіп және туризм саласындағы жобаларды қаржыландыру мақсатында «Өрлеу» кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында жалпы 750 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Оның ішінде 300 млрд теңге - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры есебінен, 450 млрд теңге - екінші деңгейлі банктер тарапынан бірлесіп қаржыландырылады.
«Өрлеу» бағдарламасы кәсіпкерлерге ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаржы алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жаңа өндіріс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және өңір экономикасын әртараптандыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды несиелендіру бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Бағдарлама жаңа немесе жұмыс істеп тұрған сүт-тауар фермаларын, ет бағытындағы құс фабрикаларын, мал шаруашылығы кәсіпорындарын, көкөніс және жеміс сақтау қоймаларын, өнеркәсіптік жылыжай шаруашылықтарын ашуға немесе кеңейтуге бағытталған.
Бір жобаға берілетін ең жоғары несие соммасы 5 млрд теңгеден аспайды.
Жаңа қаржыландыру жүйесі кәсіпкерлерге бизнес жобаларын ұзақмерзімді перспективада іске асыруға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.