×

Жаңаөзенде әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы: Маңғыстау облысы әкімінің жұмыс сапарының қорытындысы

Adal Adam 15.12.2025 | 12:02
Жаңаөзенде әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы: Маңғыстау облысы әкімінің жұмыс сапарының қорытындысы
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

11 желтоқсанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласы мен оған қарасты елді мекендерге жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында өңір басшысы бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысты, ауылдық округтерге жаңа жедел жәрдем көліктері мен қызметтік автокөліктерді табыстады, әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысты, мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың үйлеріне барып мәселелерін тыңдады, сондай-ақ дзюдодан жастар арасында өтетін Қазақстан чемпионатының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Жұмыс сапары аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – Рахат ауылында 1200 орындық №25 жаңа мектептің ашылуы болды. Білім беру нысаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Жаңа мектеп 61 арнайы кабинетпен жабдықталған. Олардың қатарында STEM-зертханалар, робототехника, дизайн және технология, мәдениет және өнер, тамақтану мәдениеті кабинеттері, сондай-ақ инклюзивті білім беруге арналған сыныптар бар. Заманауи материалдық-техникалық база оқушылардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.

Жедел медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында облыс әкімі Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем станциясына заманауи медициналық құралдармен жабдықталған бес жаңа Hyundai Staria автокөлігін табыстады. Бұл шара жедел жәрдем қызметінің тиімділігін арттырып, тұрғындарға уақытылы әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге ықпал етеді.

Сапар барысында Нұрдәулет Қилыбай өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі әлеуметтік жобалардың барысымен танысты. Атап айтқанда, ол 350 балаға арналған қосымша білім беру орталығы – «Bolashaq Saraiy» оқушылар орталығы ғимаратының құрылысын аралады. Орталықта зертханалар, IT-сыныптар, телестудия, шығармашылық шеберханалар, акт залы және коворкинг аймақтары қарастырылған. Облыс әкімі нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.

Сонымен қатар өңір басшысы жыл басында ашылған көпфункционалды «Мұз айдыны» спорт кешенінің жұмысын бағалады. Мұз аренасы аймақта қысқы спорт түрлерін дамытуға серпін берді. Кешенде хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және керлинг секциялары жұмыс істейді. Жаттығу процесіне қажетті инфрақұрылым толық қамтамасыз етілген.

Әлеуметтік нысандарды аралағаннан кейін Нұрдәулет Қилыбай мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлеріне барып, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Кездесу нәтижесінде жауапты мемлекеттік органдарға қолжетімді орта қалыптастыру, азаматтардың сұранысы бойынша төменгі қабаттарға көшіру мәселелерін шешу, сондай-ақ инватакси қызметін кеңейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Кендірлі ауылында салынған жаңа ауылдық әкімдік ғимаратының ашылуына қатысты. Бұл нысан жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту мақсатында бой көтерген. Сонымен қатар Кендірлі, Қызылсай, Теңге және Рахат ауылдық округтеріне қызметтік автокөліктер табысталды. Аталған көліктер ауылдық әкімдіктердің жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сапар соңында Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласында алғаш рет ұйымдастырылған дзюдодан жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының ашылу рәсіміне қатысты. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам спортшы жиналды. Облыс әкімі өз сөзінде Президент тапсырмасына сәйкес өңірде бұқаралық және жасөспірімдер спортына ерекше көңіл бөлініп, заманауи спорт инфрақұрылымы жүйелі түрде дамып жатқанын атап өтті.

Жұмыс сапары Жаңаөзен қаласы мен ауылдық округтердің әлеуметтік саласын дамытуға тың серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етті.