×

Маңғыстауда «Таза Маңғыстау» экочелленджі қорытындыланды

Adal Adam 15.12.2025 | 19:56
Маңғыстауда  «Таза Маңғыстау» экочелленджі қорытындыланды
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін, 15 желтоқсан күні Маңғыстау облысында «Таза Маңғыстау» атты 45 күндік әлеуметтік-экологиялық челлендждің салтанатты жабылу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Adaladam.kz.

Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, челленджге белсенді қатысқан өңір тұрғындарын құттықтады. Шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Аталған экочеллендждің негізгі мақсаты – өңір тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаны қорғауға жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастыру және қоғамды нақты экологиялық іс-шараларға тарту болды. Салтанатты жиын барысында облыс әкімі экологиялық жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталып, тұрғындардың жоғары белсенділігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «Таза Маңғыстау» бір реттік акция емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын қоғамдық қозғалысқа айналуы тиіс. Табиғатты қорғау әрбір адамның күнделікті өмір салтының ажырамас бөлігі болуы қажет екені де айтылды.

Челлендж ережесіне сәйкес, 45 күн бойы өңір тұрғындары, жастар, еріктілер мен түрлі еңбек ұжымдары тазалық және абаттандыру жұмыстарына белсенді түрде қатысты. Осы кезеңде ағаш отырғызу, қоқыс жинау және қалдықтарды сұрыптау, су мен электр энергиясын үнемдеу бағытында нақты жұмыстар атқарылды. Қатысушылар тек тазалық жұмыстарына қатысып қана қоймай, әлеуметтік желілерде экологиялық тақырыптағы жарияланымдар жасап, атқарылған игі істерді көпшілікке таныстырды.

Іс-шара аясында «Таза Маңғыстау» 45 күндік экочелленджінің жеке және ұжымдық санаттар бойынша жеңімпаздары марапатталды. Сонымен қатар «Үздік аула – 2025», «Үздік тұрғын үй кешенінің ауласы», «Үздік бизнес-аумақ», «Үздік кіреберіс», «Үздік аула сыпырушы» байқауларының жеңімпаздары анықталды. Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

45 күн ішінде экочелленджге облыс бойынша 77 команда қатысып, әлеуметтік желілерде 2 600-ден астам экологиялық мазмұндағы жарияланымдар жарияланды. Жобаға тікелей 500-ден астам адам тартылып, қосымша 2 мыңға жуық тұрғын әртүрлі экологиялық акцияларға қатысты.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жыл басынан бері Маңғыстау облысында 130 мыңнан астам адам тазалық және абаттандыру шараларына қатысқан. Осы уақыт ішінде 31 757 ағаш отырғызылып, 39 мың тонна қоқыс шығарылды. Қоршаған ортаны қорғау және абаттандыру бағытындағы жұмыстар өңірде жүйелі түрде жүргізіліп келеді.