Маңғыстау облысында 261 референдум учаскесі ашылды
Маңғыстау облысында бүгін 261 референдум учаскесі өз жұмысын бастады. Оның ішінде 12 жабық учаске. Барлық учаскелер жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де ашылып, кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Өңір бойынша референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жалпы саны 444 198 адамды құрайды.
Таңғы уақытқа қарамастан, өңірдегі учаскелерде тұрғындардың белсенділігі байқалады. Маңғыстаулықтар өз таңдауларын жасау үшін дауыс беру учаскелеріне келіп жатыр. Бұл тұрғындардың азаматтық жауапкершілігінің жоғары екенін және елдегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға бейжай қарамайтынын көрсетеді.
Референдумға қатысушылар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді дауыс беру мақсатында барлық қажетті жағдай жасалған. Учаскелерде дауыс беру процесі заң талаптарына сәйкес ашық әрі айқын ұйымдастырылған. Комиссиялардың жұмысына бақылаушылар қатысып, дауыс беру рәсімінің заңдылығы мен ашықтығын қадағалап отыр.
Өңірлік бөлініс бойынша ең көп учаске Ақтау қаласында орналасқан — 94. Жаңаөзен қаласында — 41, Мұнайлы ауданында — 42, Бейнеу ауданында — 30, Маңғыстау ауданында — 22, Қарақия ауданында — 18, ал Түпқараған ауданында — 14 референдум учаскесі бар.
Айта кетейік, референдум барысында өңір тұрғындары өз азаматтық ұстанымдарын білдіріп, елдің қоғамдық-саяси дамуына қатысты маңызды мәселелер бойынша дауыс бере алады.
