БҚО-да электр желілерінің сенімділігін арттыру жобасы жүзеге асырылуда
Өңірде соңғы үш жылда жалпы құны 13 млрд теңге болатын 12 жоба жүзеге асырылып, шамамен 6 мың шақырымға жуық тозған электр желілері жаңартылды, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Сонымен қатар, өңірде 2 жаңа қосалқы станса мен өндірістік жөндеу базасы салынды.
ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС Орал қалалық электр торабының Зачаган кентіндегі кешенінде болып, еңбек ұжымымен кездесті және материалдық-техникалық мүмкіндіктермен танысты.
Кеңесшіге 138 шақырым электр желілерін жаңғыртуға бағытталған үш кезеңнен тұратын жоба таныстырылды. Жоба аясында «Зачаган – Переметный», «Переметный – Тасқала» және «Чапаев – Қабыршақты» бағыттарында 110 кВ әуе желілері тартылып, елді мекендер сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі уақытта екінші кезең аяқталып, үшінші учаскеде жұмыстар жүріп жатыр. Жаңғырту барысында бағаналардың арақашықтығы екі есе жақсартылады, бұл желілердің сенімділігін арттырады. Жоспарланған 800 тіректің 550-і орнатылды. Мердігерлер отандық өнімді пайдалануға басымдық беріп отыр.
Жүргізілген жүйелі жұмыстар нәтижесінде өңірде электр желілерінің тозу деңгейі 82%-дан 75,4%-ға төмендеді.