×

1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енеді

Adal Adam 04.04.2026 | 12:17
1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енеді
Фото: Ақорда

30 сәуірге дейін конституциялық заң жобасы Президентке ұсынылатын болады, деп хабарлайды Adaladam.kz Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасына сілтеме жасап. Заң ғылымдарының докторы Жамаладин Ибрагимов Ата заңға енгізілетін негізгі өзгерістерді тарқатты.

Спикердің айтуынша, жаңа Конституцияның орындалуын бақылау Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөліміне жүктеледі. Сонымен қатар Үкімет, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар 1 шілдеге дейін барлық нормативтік-құқықтық актілерді жаңа талаптарға сәйкестендіруі тиіс. Осы жұмыстар толық аяқталған соң, Конституция күшіне енеді.

— Конституцияның басты ерекшелігі — бірпалаталы парламенттің енгізілуі. Бұл заң шығару процесін жеңілдетіп, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді, — деді Жамаладин Ибрагимов.

Институционалдық өзгерістер аясында халықтың мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктері де кеңейеді. Енді жаңа құрылымдар қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтады.

— Ата заңдағы өзгерістердің бірі — Халық кеңесінің рөлін күшейту. Енді ол мемлекеттік шешімдерге ықпал ететін жаңа саяси алаңға айналады. Бұл халық пікірін шешім қабылдау үдерісіне жүйелі түрде енгізетін тетік, — деп түсіндірді заң ғылымдарының докторы.

Жалпы, жаңа Конституция құқықтық жүйе құруға негізделген. Мемлекеттің негізгі міндеттері нақты көрсетіліп, адам құқығы басты принцип ретінде белгіленген. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздік, білім, ғылым және инновация салаларына басымдық беріліп, әрбір азаматтың жеке деректері мен құқықтарын қорғау қарастырылған.