×

Оралда ауыл әкімдерінің I облыстық форумы өтті: Даму мен серіктестіктің жаңа бағыттары айқындалды

Adal Adam 23.04.2026 | 17:48
Оралда ауыл әкімдерінің I облыстық форумы өтті: Даму мен серіктестіктің жаңа бағыттары айқындалды
Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Орал қаласында «Ауыл – ел тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі» тақырыбымен ауыл әкімдерінің І облыстық форумы өтті. Ауқымды жиын ауылдық аумақтарды дамыту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және жергілікті бастамаларды қолдау бағытында маңызды пікір алаңына айналды. Форумға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, сондай-ақ өңірдегі атқарушы және өкілетті органдардың өкілдері, ауыл әкімдері мен қоғам белсенділері қатысты, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Пленарлық отырыс барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл әкімдеріне жүктеген міндеттері негізінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев өз баяндамасында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Соңғы үш жыл ішінде облыста 30 мектеп салынып, оның 22-сі ауылдық елді мекендерде пайдалануға берілген. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 50 медициналық нысан іске қосылып, тұрғындардың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігі артқан. Мәдени инфрақұрылым да назардан тыс қалмай, 25 ауылдық кітапхана жаңғыртылып, екі аудандық кітапханаға жаңа ғимарат салынған. Аудан орталықтарын есептемегенде, ауылдық жерлерде 1800-ге жуық тұрғын үй салынғаны атап өтілді.

Форум барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызмет жүйесіндегі реформаларға тоқталды. Оның айтуынша, жаңа заң жобасы мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға және қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған. Мансаптық өсудің жаңа тетіктері енгізіліп, мемлекеттік қызметшілер үшін қосымша әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, артық жұмыс уақыты үшін өтемақы төлеу, қосымша ақылы демалыс беру және өмірлік жағдайларға байланысты қысқа мерзімді демалыс алу мүмкіндігі ұсынылған.

Жиын барысында облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз өңір» жобасын таныстырды. Жоба аясында әрбір ауылдық округтің криминогендік паспорты әзірленіп, нақты талдауға негізделген алдын алу шаралары қолға алынбақ. Бұл бастама құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.

Форум аясында ауыл әкімдері кооперацияларды дамыту, санитарлық тазалық, қоғамдық тәртіп және басқа да бағыттар бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Іс-шара барысында үздік ауылдық округтер 13 аталым бойынша марапатталып, әрқайсысына 10 млн теңге көлемінде қаржылай сертификат табысталды. Сонымен қатар белсенді азаматтар, меценаттар мен кәсіпкерлер облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.