Оралда Еуразиялық логистикалық хабтың құрылысы басталды
Орал қаласында «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының қолдауымен Еуразиялық логистикалық хабтың іргетасын қалау рәсімі өтті. Ірі инвестициялық жобаны Eurasia Holding Group құрамына кіретін «Jinone Excellence Investment» ЖШС жүзеге асыруда, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес аймақта қажетті инфрақұрылым қалыптастырылып, заманауи өнеркәсіптік алаңдар әзірленіп жатыр.
Облыс әкімінің мәліметінше, 2023-2025 жылдары өңірге негізгі капиталға 2,3 триллион теңге инвестиция тартылған. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында инвестиция көлемі 22,4 пайызға өсіп, 135 миллиард теңгеден асқан. Соңғы үш жылда облысқа 4,9 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция құйылған.
Шара барысында Қытай Халық Республикасының Ақтөбедегі Бас консулының орынбасары Чжан Нан бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы өндірістік және сауда байланыстарын нығайтуға ықпал ететінін айтты. Ал «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов инвесторларға жобаны іске асырудың барлық кезеңінде кешенді қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жоба 20 гектар аумақта жүзеге асырылады. Жалпы инвестиция көлемі – 130 миллион АҚШ доллары. Хаб құрамында жылына 30 мың тонна болат конструкцияларын өндіретін зауыт, 60 мың дана құрылыс қалыптарын шығаратын кәсіпорын және жылына 250 мың бухтаға дейін BV типті кабель өндіретін зауыт жұмыс істейді.
Нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жоба аясында 510 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Логистикалық хабтың негізгі бөлігі – үшінші тарап жүктерін сақтауға және өңдеуге арналған ашық үлгідегі «А» санатындағы кеден қоймасы болады. Бұл орталық қытайлық электрондық коммерция компанияларының, ресейлік трейдерлер мен еуропалық жүк жөнелтушілердің тауарларын өңдеуге мүмкіндік береді. Жоба халықаралық сауда мен өңірлік логистиканы дамытуға серпін береді.