×

Ақтауда «Келешек мектептеріне» жас педагогтерді іріктеу басталды

Adal Adam 15.06.2026 | 11:52
Ақтауда «Келешек мектептеріне» жас педагогтерді іріктеу басталды
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтауда Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті студенттері «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылған жас педагогтерді іріктеу тестілеуіне қатысты.

«Өрлеу» БАҰО АҚ-ның Маңғыстау облысы бойынша Кәсіби даму институты филиалының мәліметінше, тестілеудің негізгі мақсаты – кәсіби дамуға ұмтылатын және білім беру саласында еңбек етуге ынталы жас мамандарды анықтап, оларды «Келешек мектептері» желісіне тарту, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Жоба аясында болашақ педагогтердің бірыңғай дерекқоры қалыптастырылады. Тестілеуден сәтті өткен түлектердің электрондық портфолиолары арнайы цифрлық платформаға енгізіліп, мектеп басшыларына қажетті мамандарды тиімді іріктеуге мүмкіндік береді.

Тестілеу нәтижелері Career.Orleu платформасы арқылы жинақталады. Цифрлық жүйе білім беру ұйымдарына өңірлік сұранысқа, пәндік бағытқа және үміткерлердің кәсіби даярлық деңгейіне сәйкес жас педагогтерді таңдауға жағдай жасайды.

Мамандардың айтуынша, бұл бастама жас түлектердің еңбек нарығына бейімделуін жеңілдетіп қана қоймай, жаңа форматтағы мектептерді білікті кадрлармен қамтамасыз етуге де ықпал етеді. Сонымен қатар жоба өңірлердегі білім сапасын арттыруға және педагог мамандығының тартымдылығын күшейтуге бағытталған.