×

Қазақстан 11 жылға 154,7 млрд иена қарыз алмақ: Мәжіліс келісімді ратификациялады

Қазақстан 11 жылға 154,7 млрд иена қарыз алмақ: Мәжіліс келісімді ратификациялады
Фото: pinterest.com

Қазақстан үкіметі жалпы сомасы 154,7 млрд жапон иенасын құрайтын қарыз алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Мәжілісте қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды AdalAdam.kz.  

Министрдің айтуынша, депутаттардың қарауына Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі, сондай-ақ Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімдерді ратификациялау жөніндегі заң жобалары енгізілген.

«Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы 15 мамырдағы және 15 маусымдағы жарлықтарына сәйкес, жалпы сомасы 154,7 млрд жапон иенасын құрайтын қарыз туралы келісімдерге 2026 жылғы 20 мамырда және 15 маусымда қол қойылды. Жапон иенасын таңдау оның төмен пайыздық мөлшерлемесіне және теңге мен иена арасындағы тығыз байланысқа негізделген», – деді Мәди Такиев.

Оның сөзінше, тартылатын қаражат Үкіметтің бірінші кезектегі міндеттерін орындауға және экономиканың маңызды салаларын қаржыландыруға жұмсалады.

«Аталған банктердің қарыздары 5 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 11 жыл мерзімге беріледі. Қарыздар бойынша міндеттемелер республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеледі», – деді министр.