×

Алматыда Орталық Азияның жас көшбасшылары жасанды интеллект және тұрақты даму саласындағы жобаларын таныстырды

Adal Adam 10.08.2026 | 16:27
Алматыда Орталық Азияның жас көшбасшылары жасанды интеллект және тұрақты даму саласындағы жобаларын таныстырды
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің жас көшбасшыларын біріктірген Almaty Youth Forum 2026 халықаралық жастар форумы өтуде. Форумның басты тақырыптары – жасанды интеллект, климаттық технологиялар, цифрлық қауіпсіздік, волонтерлік және әлеуметтік инновациялар, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Форум Халықаралық тұрақты даму мақсатындағы еріктілер жылы аясында Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және Алматы қаласы Волонтерлер фронт-офисінің ұйымдастыруымен өтуде.

«Бүгінде жастардың идеялары нақты жобаларға айналып, олардың бастамалары мемлекет, халықаралық ұйымдар мен бизнес тарапынан қолдау табатын орта қалыптастыру аса маңызды. Almaty Youth Forum Қазақстан мен Орталық Азия жастарын тұрақты даму мен волонтерліктің ортақ құндылықтары төңірегінде біріктіретін дәл осындай алаңға айналды», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.

Екі күндік форум бағдарламасында жасанды интеллект, қаржылық сауаттылық, тұрақты даму және инвестициялар саласындағы панельдік пікірталастар, практикалық воркшоптар мен сарапшылардың сөз сөйлеуі қарастырылған.

Форумның маңызды оқиғаларының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында UNICEF Zhastary Hub орталығының құрылатыны туралы хабарлануы болды. ЮНИСЕФ пен университет арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жаңа хаб волонтерлікті дамытуға және жастар бастамаларын қолдауға арналған алаңға айналады.

Бағдарламада жастар жобаларының көрмесіне де ерекше орын берілді. Қазақстан мен Қырғызстаннан келіп түскен 211 өтінімнің ішінен 29 бастама финалға өтті. Олардың қатарында жасанды интеллект пен спутниктік деректерді пайдалана отырып, мұздық көлдердің жарылу қаупін алдын ала ескертуге арналған GLOFcast жүйесі, өндірістік кәсіпорындардағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған Samruq.AI жобасы және автокөліктерден шығатын зиянды қалдықтарды азайтуға арналған EcoTube жобасы бар.

11 тамызда форум Almaty Museum of Arts-пен серіктестікте жалғасады. Қатысушыларды шығармашылық сессиялар, пікірталастар және жастар жобалары байқауының финалы күтеді. Он команда өз әзірлемелерін сарапшылар алқасына таныстырады, ал үздік жобалар бастамаларын одан әрі дамыту үшін менторлық қолдауға ие болады.