«Мәслихаттардың сайлауын өткізуіміз қажет» - Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі бойынша Премьер-министр және Құрылтай Төрағасымен кеңесетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Мемлекет басшысы Халық Кеңесінің отырысында жергілікті өкілді органдардың жаңа сайлауын өткізу қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі мәслихат депутаттарының көпшілігі кезінде «Amanat» партиясының атынан сайланған. Ал аталған саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылып, қызметін тоқтатты.
— Қазіргі кезеңде біз жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың сайлауын өткізуіміз қажет. Мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституцияда және тиісті заңдарда айқындалған мерзімге дейін сақталады. Дегенмен олардың көпшілігі «Amanat» партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты. Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды, — деді Мемлекет басшысы.
Президент мәслихаттардың жергілікті бюджеттерді бекітіп, тұрғындардың мүддесін қорғайтынын атап өтті. Сондықтан олардың қызметінің заң талаптарына сай болуы маңызды.
— Сондықтан мен жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай Төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті Жарлыққа қол қоямын. Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек, — деп тапсырма берді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа сайлау мәслихаттардың білікті әрі кәсіби құрамын қалыптастырып, олардың жұмысына тың серпін беруге тиіс.
— Осы сайлаудың жоғары деңгейде және сапалы өтуіне сіздер де мол үлес қосасыздар деп сенемін, — деді Қ. Тоқаев Халық Кеңесінің мүшелеріне.