Азаматтардың үні естіліп, шешімдер талқыланады – сарапшы Қазақстан Халық Кеңесі туралы
Қазақстанда этномәдени бірлестіктер қоғамдық өмірге белсенді араласып, мемлекеттік және өңірлік деңгейдегі мәселелерді талқылауға қатысып келеді, деп жазады Adaladam.kz.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» ғылыми-білім беру орталығының директоры, профессор Наталья Калашникованың айтуынша, мұндай қоғамдық өкілдік азаматтардың өз ұсыныстарын мемлекеттік органдарға жеткізуіне мүмкіндік береді.
Сарапшының пікірінше, Қазақстанда барлық азаматтың тең құқықтарын қамтамасыз ететін конституциялық және заңнамалық кепілдіктер бар. Бұл қағидалар еңбек, әлеуметтік, азаматтық процестік, әкімшілік және қылмыстық заңнамада да көрініс тапқан.
Калашникованың айтуынша, елде 100-ден астам этнос өкілі тұратындықтан, кемсітушіліктің алдын алуда тұрақты қоғамдық диалогтың маңызы зор. Азаматтардың өз ұстанымын мемлекеттік органдарға жеткізіп, шешімдерді талқылауға қатысуы заңда бекітілген құқықтардың іс жүзінде жүзеге асуына ықпал етеді.
Осы бағыттағы жаңа тетіктердің бірі – Қазақстан Халық Кеңесі. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енген Конституциялық заңға сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан халқының мүдделерін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган болып саналады.
Кеңес құрамына 126 адам кіреді. Оның ішінде этномәдени бірлестіктерден – 42, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардан – 42, ал мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден тағы 42 өкіл бар. Мүшелердің өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды.
Калашникованың пікірінше, мұндай құрылым этностық қауымдастықтар, азаматтық қоғам және өңірлердің мүддесін бір қоғамдық диалог алаңында тоғыстыруға мүмкіндік береді. Конституциялық заңда Кеңестің қоғамдық бірлестіктермен, коммерциялық емес ұйымдармен, сарапшылық және ғылыми қауымдастықтармен, кәсіптік одақтармен және азаматтармен өзара іс-қимыл жасауына мүмкіндік берілген.
Өңірлік деңгейде де қоғамдық кеңестер маңызды рөл атқарады. Олар арқылы Қазақстан Халық Кеңесінің қызметін жергілікті деңгейде қамтамасыз ету көзделген.
Қоғамдық келісімді нығайту бағытында өңірлердегі Достық үйлері мен қоғамдық медиация алаңдары да жұмыс істейді. Қазір елде 38 Достық үйі бар, ал қоғамдық медиация тізіліміне 459 маман енгізілген. 2026 жылдың алғашқы алты айында осы бағытта 8,8 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, шамамен 640 мың адам қамтылған.
Діни салада да азаматтарға ортақ құқықтық кепілдіктер қарастырылған. Қазақстанда 18 конфессияны қамтитын 4 мыңнан астам діни бірлестік тіркелген. Ислам және православие ұйымдарымен қатар католик, протестант, иудей, буддист және басқа да діни қауымдар қызмет етеді.
Калашникова қоғамдағы өзара түсіністікті нығайтуда ақпараттық сауаттылықтың да маңызы жоғары екенін атап өтті. Осы мақсатта 14 жоғары оқу орнында журналистика мамандығы бойынша білім алатын студенттерге «Этносаяси сауаттылық» курсы енгізілген. Бағдарлама болашақ журналистерге сезімтал тақырыптарды сауатты әрі дәл жариялауға, өшпенділік тілінен аулақ болуға және ақпараттың қоғамдық қарым-қатынасқа ықпалын ескеруге бағытталған.