×

Қазақстан әлеуметтік қорғаумен қамту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр – халықаралық ұйымдар

Adal Adam 08.10.2026 | 18:57
Қазақстан әлеуметтік қорғаумен қамту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр – халықаралық ұйымдар
Фото: Adaladam.kz

Қазақстан халықты әлеуметтік қорғаумен қамту деңгейі бойынша Орталық Азия елдері арасында бірінші орында тұр. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) соңғы деректеріне сәйкес, елдегі бұл көрсеткіш 94,3%-ды құрайды.

ХЕҰ деректерінде әлеуметтік қорғау көрсеткішіне тек ақшалай жәрдемақы алушылар ғана емес, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна аударатын азаматтар да кіретіні көрсетілген. Яғни 94,3% көрсеткіш Қазақстандағы әлеуметтік қорғау жүйесінің халықтың басым бөлігін қамтитынын білдіреді.

Салыстыру үшін, Өзбекстанда әлеуметтік қорғаумен қамту деңгейі 56%, Қырғызстанда – 42,9%, Түрікменстанда – 42,7%, Тәжікстанда 34,1% деңгейінде.

Халықаралық еңбек ұйымының деректері⁠

Қазақстан адам дамуы индексі бойынша да өңірдегі жоғары көрсеткішке ие. БҰҰ Даму бағдарламасының деректеріне сәйкес, ел 0,837 индексімен 193 ел мен аумақтың ішінде 60-орында тұр. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш.

БҰҰ Даму бағдарламасының статистикалық қосымшасы⁠

Адам дамуы индексін есептеу кезінде өмір сүру ұзақтығы, білім деңгейі және халықтың табысы сияқты негізгі көрсеткіштер ескеріледі.

Сонымен бірге халықаралық рейтингтердегі жоғары көрсеткіштер әлеуметтік саладағы барлық мәселе шешілді дегенді білдірмейді. Қазақстанда мемлекеттік көмекті барынша нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау мәселесі өзекті болып отыр.

Осы бағыттағы өзгерістердің бірі 2027 жылдан бастап енгізілмек. Бірқатар әлеуметтік төлемді тағайындау кезінде отбасының материалдық жағдайы ескерілетін болады. Соның нәтижесінде табысы мен әл-ауқаты жоғары отбасылар кейбір жәрдемақыларды ала алмауы мүмкін.

Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдауды шын мәнінде әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға бағыттау.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстандағы атаулы әлеуметтік көмекті алушылар мен олардың отбасы мүшелерінің 82,5%-ы табысы ең төмен 20% халықтың қатарына жатады. Бұл АӘК-тің негізінен табысы төмен азаматтарға бағытталғанын көрсетеді.

Дүниежүзілік банктің есебі⁠

2027 жылдан бастап әлеуметтік төлемдерді нысаналы ету кезінде отбасының нақты материалдық жағдайын дұрыс бағалау маңызды болады. Бұл ретте тек табыс пен мүлік туралы мәліметтер ғана емес, отбасы мүшелерінің саны, тұрақты шығындары, емделуге жұмсалатын қаражат және күтімді қажет ететін туыстарының болуы сияқты өмірлік жағдайларды да ескеру қажеттігі туындайды.

Сондай-ақ азаматтарға жаңа тәртіптің қалай жұмыс істейтіні, жәрдемақы тағайындау кезінде қандай деректер ескерілетіні және шешімге келіспеген жағдайда оны қайта қарау мүмкіндігі түсінікті болуы тиіс.

Материалдық жағдай уақыт өте өзгеруі мүмкін болғандықтан, мемлекеттік базалардағы мәліметтердің өзектілігі де маңызды. Қате ақпарат негізінде қабылданған шешім азаматтардың әлеуметтік қолдаудан негізсіз айырылуына әкелмеуі керек.

Осылайша, халықаралық ұйымдардың деректері Қазақстанның әлеуметтік қорғаумен қамту және адам дамуы көрсеткіштері бойынша Орталық Азиядағы жетекші позициясын көрсетеді. Ал 2027 жылдан жоспарланған өзгерістер мемлекеттік көмекті неғұрлым нысаналы етіп, оны бірінші кезекте нақты мұқтаж отбасыларға бағыттауға арналған.