×

Батылдық пен жауапкершілік: Қарағандылық өрт сөндірушінің өмір жолы

Даурен Омаров 19.10.2026 | 10:28
Батылдық пен жауапкершілік: Қарағандылық өрт сөндірушінің өмір жолы
gov.kz

Қарағанды қаласындағы №9 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Абай Нұрпейісов бес жылдан бері адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғау жолында еңбек етіп келеді, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Абай Нұрпейісов азаматтық қорғау органдарындағы қызметін 2021 жылдың қыркүйегінде бастаған. Бүгінде ол азаматтық қорғау сержанты арнайы атағына ие. Оның айтуынша, өрт сөндіруші болу үшін батылдық қана жеткіліксіз. Бұл мамандық физикалық дайындықты, психологиялық төзімділікті, жылдам шешім қабылдауды және әріптестермен бірлесе әрекет етуді талап етеді.

Қызметіне жауапкершілікпен қарайтын Абай кәсіби шеберлігін шыңдауға ерекше көңіл бөледі. Бос уақытында бассейнге барып, қоян-қолтық ұрыс және жекпе-жек түрлерімен айналысады. Спорт оның төзімділігін арттырып, кез келген қиындыққа дайын болуына көмектеседі.

Қарбалас жұмыс кестесіне қарамастан, құтқарушы отбасына да уақыт бөлуге тырысады. Жақындарымен табиғат аясына шығып, бірге демалғанды ұнатады. Отбасының қолдауы оған күш-жігер береді.

«Мен үшін ең бастысы – өз ісіме жауапкершілікпен қарау, үнемі даму және айналамдағы адамдар сенім арта алатын азамат болып қалу», – дейді Абай Нұрпейісов.

Өрт сөндірушінің жұмысы – күн сайын қауіп-қатерге дайын болу. Өзгенің өмірін құтқару үшін батылдық пен жауапкершілік қажет. Абай Нұрпейісов те осы мамандықты саналы түрде таңдап, ел қауіпсіздігі жолында қызмет етіп жүрген азаматтардың бірі.