×

Санжар Боқаевтың ісі: сот адвокаттың әрекетіне қатысты жеке қаулы шығарды

Даурен Омаров 20.10.2026 | 12:02
Санжар Боқаевтың ісі: сот адвокаттың әрекетіне қатысты жеке қаулы шығарды
pixabay.com

Алматыда Санжар Боқаев, оның жиені Мадияр Қалменов және бейнеоператоры Ұлан Нүсіпқожаға қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.

Іс Қылмыстық кодекстің 190, 218, 340, 188 және 274-баптары бойынша қаралуда.

Сот процесі барысында Боқаевтың адвокаттарының бірі Радмир Өтеповтің бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялаған мәлімдемелеріне қатысты мәселе көтерілді.

Бұған дейін төрағалық етуші судья сот процесіне қатысушыларға қаралып жатқан іске қатысты жария пікір білдіру кезінде сот төрелігіне ықпал етуге жол бермеу қажеттігін ескерткен болатын.

Мемлекеттік айыптаушының мәлімдеуінше, адвокат Радмир Өтепов осы ескертулерден кейін де қылмыстық іске қатысты жеке бағалаулары мен болжамдарын көпшілікке жариялаған.

Осыған байланысты прокурор адвокаттың әрекеттеріне құқықтық баға беру мәселесін көтеріп, сотқа тиісті өтінішхат жолдады.

Сот өтінішхатты қарап, адвокаттың жария мәлімдемелері мен сот отырысында белгіленген тәртіпке қатысты өз ұстанымын білдірді.

«Сот процесі ашық түрде өтіп жатыр. Кез келген адам сот отырысына келіп, қатыса алады. Сондай-ақ БАҚ өкілдері мен тыңдаушылар үшін трансляция қамтамасыз етілген. Бұған дейін процеске қатысушыларға БАҚ-та пікір білдіру және әлеуметтік желілерде жарияланымдар тарату арқылы сотқа қысым көрсетуге жағдай жасауға жол берілмейтіні ескертілген болатын. Соған қарамастан, адвокат Өтепов бұл ескертуді екі рет бұзды. Қорғау тарапының құқықтары шектелген жоқ. Кәсіби маман ретінде сіздер өз сенім білдірушілеріңіздің мүдделерін медиа кеңістіктегі белсенділік арқылы емес, сот залында қорғауға міндеттісіздер», – деді судья.

Өтінішхатты қарау нәтижесінде сот Алматы қалалық адвокаттар алқасының атына жеке қаулы шығарды.

Енді адвокат Радмир Өтеповтің әрекеттері қолданыстағы заңнама мен кәсіби әдеп талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қаралатын болады.

Айта кетейік, Санжар Боқаев пен өзге де айыпталушыларға қатысты сот талқылауы жалғасып жатыр.