×

Алматыда 2000-ға жуық оқушы Республика күніне арналған жаңа әнді орындады

Adal Adam 21.10.2026 | 14:54
Алматыда 2000-ға жуық оқушы Республика күніне арналған жаңа әнді орындады
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматының Түрксіб ауданында 2000-ға жуық оқушы Қазақстан Республикасының Республика күніне арналған «Республика күні» атты жаңа әнді орындады. Әннің авторы — №6 Оқушылар үйінің педагогі, композитор Біржан Әлкеев, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Туынды «Елімнің жарқын болашағы: Бірлік. Рух. Тәуелсіздік!» атты ауқымды патриоттық іс-шара аясында шырқалды.

Іс-шараны Түрксіб аудандық білім бөлімі, №6 Оқушылар үйі және аудандағы 32 мектеп бірлесіп ұйымдастырды. Оқушылар бір мезетте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын, сондай-ақ «Республика күні» және «Атамекен» әндерін орындады.

Мерекелік шараның ерекше сәттерінің бірі — «Жанды ту» композициясы болды. Көгілдір және сары түсті жейде киген оқушылар алаңға сап түзеп, Қазақстанның Мемлекеттік Туының бейнесін жасады.

Көрермендердің ерекше назарын №83 гимназияның қазақ халық аспаптарынан құралған «Шабыт» оркестрінің өнері аударды. Ұжым ұлттық музыкалық мәдениеттің бай мұрасын паш етті.

Сонымен қатар арт-челлендж аясында 500 жас суретші Қазақстанның мәдени мұрасына, ұлттық дәстүрлеріне және еліміздің жарқын болашағына арналған туындыларын ұсынды.