×

Каспийді құтқару жолы: мамандар пікірін талдау

Даурен Омаров 14.04.2026 | 17:46
Каспийді құтқару жолы: мамандар пікірін талдау
Экология министрлігі

Каспий теңізіндегі су деңгейінің күрт төмендеуі соңғы жылдары тек экологиялық емес, әлеуметтік-экономикалық мәселе ретінде де күн тәртібіне шықты. Ғалымдар бұл құбылысты соңғы екі ғасырдағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі деп бағалап отыр. Енді қарт Каспийдің келешегі қалай болмақ?..

Теңіз деңгейі неге төмендеп жатыр?

Қазақстан аумағындағы Каспийдің орташа деңгейі шамамен 29,31 метрге дейін түсіп, соңғы 18 жылда теңіз айдыны 36 мың шаршы шақырымға қысқарған. Әсіресе солтүстік-шығыс және шығыс бөліктерінде су деңгейінің айтарлықтай төмендеуі байқалады. Бұл өңірлерде жағалау сызығы ондаған шақырымға шегініп, кей жерлерде 30–35 шақырымға дейін құрлыққа айналған.

Ең қатты зардап шегіп отырған аймақтар қатарында солтүстік-шығыс Каспий, Жайық өзенінің атырауы және Маңғыстау облысының жағалауы бар. Бұл аумақтар табиғи ерекшелігіне байланысты таяз болғандықтан, су деңгейінің аз ғана өзгерісі де үлкен салдарға әкеледі.

Қазір Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті Ғылым және білім министрлігінен қаржы алып, арнайы зерттеу жұмысына кірісті. Мамандар Ресей Ғылым академиясы құрамындағы Ширшов атындағы Океанология институты мамандарымен бірлесе Каспий теңізінің тартылу себебін анықтауда.

Ғылыми экспедициялар барысында алдын ала белгіленген координаттар бойынша теңіз суы, түпкі шөгінділер және өсімдіктер дүниесіне қатысты үлгілер жиналды. Сонымен қатар теңіз акваториясына заманауи бақылау құралдары орнатылып, бұрыннан жұмыс істеп тұрған құрылғылардан да маңызды деректер алынған.

– Каспий теңізі деңгейінің жылына орташа есеппен 10 см-ге біртіндеп төмендеуі (жекелеген жылдары көрсеткіш 35 см-ге дейін жеткен) үкіметаралық деңгейде, халықаралық ғылыми форумдарда, аймақтық және республикалық ведомстволарда кеңінен талқыланып жатыр. Ең пессимистік болжамдар бойынша XXI ғасырдың соңына дейін теңіз деңгейі климаттың даму сценарийлеріне байланысты тағы 2-21 метрге дейін төмендеуі мүмкін.

Егер су деңгейі 10 м-ге төмендейтін болса, солтүстік Каспийдің қазақстандық бөлігінде теңіз жағалауы қазіргі шекарасынан 200 шақырымға дейін шегініп, порттар мен инфрақұрылымдарда апатты әлеуметтік-экономикалық және экологиялық зардаптарға әкелуі ықтимал, – дейді Yessenov University PhD докторы, профессор Самал Сырлыбекқызы.

Расында, теңіздің қайтуы анық байқалады. Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының зерттеуі бойынша 2020 жылдан бастап ғасыр соңына дейін теңіз деңгейінің 9-18 м төмендеуі мүмкін (RCP4.5 сценарийі мен IPCC деректері негізінде), бұл жағдайда Каспийдің беткі ауданы 23-34 пайызға дейін азаюы мүмкін. Су деңгейі 5-7,5 м төмендегеннің өзінде теңіз порттары батпақтанып, Каспийдің көлік жүйесі толығымен істен шығуы ықтимал.

Самал Сырлыбекқызының сөзінше, теңіз деңгейінің динамикасын болжау — күрделі міндет және тек ықтималдық түрінде ғана жүзеге аса алады. Болжамның дәлдігін айтарлықтай арттыру үшін теңіздің су балансының компоненттеріне – бір жағынан, өзен ағысы мен атмосфералық жауын-шашынға, екінші жағынан, булануға қатысты бағалауларды нақтылау қажет. Ол үшін акватория мен теңізге құятын өзендердің (ең алдымен, Еділ мен Жайықтың) Атырау аймақтарында бақылауды егжей-тегжейлі жүргізу қажет. Себебі бұл аймақтардағы су шығыны – су балансының маңызды бөлігі, алайда олар әлі күнге дейін нақты анықталмаған.

Жүйелі зерттеу керек

Каспий теңізінің тартылуы жергілікті балықшыларға оңайға соқпай тұр. Бүгінде балық аулайтын мекендерде су тартылып, кей жер мүлде құрғап кеткен. Әсіресе Қаражанбас, Бозашы жағалаулары құрғап қалды. 

Qazaq Balyk қауымдастығының Маңғыстау облысындағы филиал жетекшісі Данияр Әкімжановтың айтуынша, Солтүстік Каспий ерекше маңызға ие аймақ саналады, себебі ол көптеген тіршілік иелері үшін негізгі қоректену ортасы болып табылады. Оның пікірінше, теңіз түбіне араласу ауқымды экологиялық салдарға әкелуі ықтимал.

– Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі аймақтағы биологиялық тепе-теңдікке айтарлықтай ықпал етіп отыр. Соның салдарынан бірқатар балық түрі дәстүрлі мекен ету аймағын өзгертіп, жағалаудан алыстай бастаған. Бұл әсіресе Қазақстанға тиесілі, табиғи тұрғыдан ең таяз бөліктерде айқын сезілуде.

Мұндай өзгерістер тек экологияға ғана емес, өңір экономикасына да кері әсерін тигізіп отыр. Теңіз жағалауындағы инфрақұрылым, соның ішінде кеме қатынасы мен жүк тасымалы күрделене түскен. Кей портқа кіру-шығу қиындап, теңіз жолын бейімдеу қажеттілігі туындаған. Мәселен, Қашаған кен орнына апаратын бағыттарды тереңдету жоспары қарастырылуда. Алайда мұндай инженерлік жұмыстар теңіз экожүйесіне қосымша қысым түсіруі мүмкін. Өйткені теңіз түбін қазу балықтардың уылдырық шашатын және қоректенетін аймақтарына тікелей әсер етеді. Соның нәтижесінде олардың көшу бағыттары өзгеріп, табиғи цикл бұзылады, – дейді Qazaq Balyk республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығы Маңғыстау облыстық филиалының директоры Данияр Әкімжанов.

Сарапшының сөзінше, қазіргі таңда су құстары, балықтар мен итбалықтардың жаппай қырылу жағдайы тіркеліп отыр. Егер табиғи ортаға түсетін қысым азайтылмаса, үрдіс одан әрі ушыға түспек.

Есімізде болса, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақтауда Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылған болатын. Аталған институттың басшысы Серік Ахметовтың айтуынша, алдағы уақытта Каспий теңізі деңгейінің ауытқуы, таязданудың теңіз экожүйесіне, флорасы мен фаунасына әсері, ихтиофаунасы, итбалықтардың жаппай қырылу себептері зерттеледі.

Биоресурстар мен балық қорларын сақтау әдістері мен технологиялары әзірленеді. Сонымен қатар, климаттық өзгерістерді талдап, олардың Каспий теңізінің экожүйесі мен биоәртүрлілігіне әсерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізу жоспарда бар. 

Теңізді құтқарудың бір жолы – маман даярлау

Президент пәрменімен ннститут құрылды дедік, осы ұйымда болашақта климатолог-мамандар, гидрологтар, океанологтар, гидрохимиктер мен гидробиологтар жұмыс істейтін болады. Алайда, аталған мамандықтар бойынша әсіресе океанология және теңіз гидробиологиясы саласындағы мамандар тапшылығы анық сезілуде. 

Сондықтан Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті базасында «Океанология» және «Гидробиология» мамандықтары бойынша магистрлер даярлау жобасы жүзеге аспақ.

– Аталған мамандықтар бойынша магистратура ашу бойынша хат келді. Біз гидробиология мен океанологияны бірге ашуды жоспарлап отырмыз. Келесі оқу жылында ашу үшін құжаттары әзірленіп жатыр, – дейді Самал Сырлыбекқызы. 

Теңізді құтқаруға белсенділер мен ҮЕҰ өкілдері де атсалысып келеді. Мысалы, ECOJER қауымдастығы «Каспий – менің теңізім» қоғамдық бастамасын әзірлеуде. Қауымдастық төрағасы Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, бұл тұжырымдама Каспий теңізі жаппай ластануы, өнеркәсіптік қалдықтар мен су деңгейіне қатысты мәселелерді шешуге түрткі болады. Егер бастама қолдау таппаса, теңіздің экожүйесіне және бес елдегі миллиондаған адамның болашағына қауіп төнеді әрі салдары жаһандық ауқымда сезілетін күн жақын.

– «Каспий – менің теңізім» қоғамдық бастамасын Каспий маңы өңірінің әрбір елінде – Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстанда ерікті түрде іске асыру көзделген. Бұны Каспий теңізі экожүйесінің жақсаруын қалайтын қауымдастықтардың, белсенділер мен қорғаушылардың бірлігі, коалициясы деп айтуға болады. Каспий аймағындағы қауымдастықтар мен мүдделі тараптарды өмірлік маңызды ресурстарды қорғауға шақырамыз, — дейді төраға.

Айта кетейік, «Каспий – менің теңізім» қоғамдық бастамасы «Каспий теңізін сақтаймыз» жаһандық қозғалысын жергілікті деңгейде дамытуға күш салып келеді. Каспий теңізін қорғау жөніндегі негізгі конвенция (Тегеран конвенциясы) ережелерінің Каспий маңы өңірінің әрбір елінде іске асыруды мақсат тұтуда.

Қорыта айтқанда, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуінің орасан зияны бар. Оны қалпына келтірудің басты жолы тұрақты зерттеу, маман даярлау және қоғамдық жауапкершілік.

Ақтілек Бітімбай