Қазақ ғалымдары тарихтағы даулы мәселеге нүкте қойды
Қазақстандық археологтар, PhD-докторлар Айбар Қасенәлі мен Сырым Есен Adal ADAM youtube арнасына берген сұхбатында Жошы хан туралы маңызды ғылыми жаңалықты жариялады.
Олардың айтуынша, 2018 жылы Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Ұлытау жеріндегі Жошы хан, Алаша хан, Болған ана және Аяққамыр кесенелеріне қазба жұмыстары жүргізілген.
«Бізге дейін 1946 жылдары бұл ескерткіштерге академик Әлкей Марғұлан зерттеу жүргізген. Алайда ол кезеңде қазіргі замандағыдай радиокөміртектік мерзімдеу, генетикалық және кешенді пәнаралық зерттеу әдістері болмаған. Тіпті антропология ғылымының да бүгінгідей дамымаған. Сондықтан біз академик Әлкей Марғұланның зерттеулерін жалғастырып, заманауи ғылыми сараптамалар жүргіздік. Зерттеу нәтижесінде біз Жошы хан кесенесінде жерленген адам Жошы ханның өзі деп 90 пайыз сеніммен айта аламыз. Ал қалған 10 пайыз дәлелді «Жошы ханның өзі тіріліп келіп «мен жерде жерленгенмін» деп айтпаса, басқаша мүмкін емес», - деді Айбар Қасенәлі.
Ғалымдар бұған дейін айтылып келген «бұл басқа адам болуы мүмкін», «Жошы ханға тиесілі деген сүйектерді Мәскеуге алып кеткен, содан оралмаған» деген күмәндарға нақты жауап беріп отырғандарын атап өтті.
«Дауласқысы келген адамдар болса, оларға біз генетикалық, радиокөміртектік, антропологиялық дәлелдерімізді көрсете аламыз. Олардың қолында ондай айғақтар жоқ. Оның үстіне біздің ғылыми зерттеуіміздің нәтижелеріне әлем ғалымдары назар аударып жатыр. Ғылыми мақаламыз биыл 19 ақпанда АҚШ-тың ғылым академиясының хабаршысында жарияланды. Содан бері Ұлыбританияның, АҚШ-тың, Түркияның зерттеушілері қызу талқылап, танымал журналдарға пікірлерін білдіруде. Тіпті, олар бұл жаңалықты «Қазақстан ғалымдары Шыңғысханның генетикалық кодын анықтауға бір қадам жақындады» деп бағалауда. Өкінішке қарай қазақстандық ғылыми орта әзірге үнсіз», - деді Айбар Қасенәлі.
Археолог Сырым Есеннің айтуынша, сараптамалар Жошы ханның сүйегі төре тұқымына жататындығын, 13 ғасырға тиесілі екендігін көрсетті.
«Жалпы, Жошы хан кенесесінде Жошы ханның өзі жатыр дегенді тарихшылар, филологтар, этнографтар бұрын да айтқан. Біз соны жаратылыстану ғылымдарының жетістіктері негізінде дәлелдеп, бекітіп, нүктесін қойдық», - деді ол.
Енді ғалымдар Жошы ханның антропологиялық кескін-келбетін жасауды жоспарлап отыр.