×

Құрылтай тәжірибе жинайтын емес, дайын мамандар баратын орын - Нұрсұлтан Орынбек

Даурен Омаров 23.07.2026 | 11:28
Құрылтай тәжірибе жинайтын емес, дайын мамандар баратын орын - Нұрсұлтан Орынбек
Adal Adam

Белгілі заңгер, құқық қорғаушы Нұрсұлтан Орынбек Adal ADAM youtube арнасына берген сұхбатында Құрылтай құрамында кәсіби мамандардың болуы маңызды екенін айтып, заң шығару ісіне дайын емес адамдардың келуіне қарсы екенін білдірді, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Заңгердің пікірінше, Құрылтай тәжірибе жинайтын немесе танымалдық арттыратын алаң емес. Онда өз саласының қыр-сырын жетік меңгерген, нақты тәжірибесі бар азаматтар қызмет етуі тиіс.

«Құрылтай – барып дайындалатын жер емес, оған дайын бару керек. Белгілі бір мәселенің майын ішкен азаматтар баруы тиіс. Сонда ғана халықтың көңілі толады», – деді Нұрсұлтан Орынбек.

Оның айтуынша, заң шығару – үлкен жауапкершілік. Бір заңды немесе Конституцияны өзгерту үшін көп уақыт, қаражат пен жан-жақты талдау қажет. Сондықтан Құрылтайда заңгерлермен қатар экономистер, қаржыгерлер, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы сияқты түрлі саланың кәсіби мамандары болуы керек.

Құқық қорғаушы заңгерлердің заң шығару процесіндегі рөлі ерекше екенін де атап өтті.

«Құрылтайға жиналғанда төр заңгердікі болуы керек. Өйткені ол – заң шығарушы орган. Ал қандай да бір ұсыныс айтқысы келетіндер үшін консультативтік алаңдар мен қоғамдық кеңестер бар», – деді ол.

Нұрсұлтан Орынбектің сөзінше, депутаттық мандатқа үміткер адамның міндетті түрде заңгер болуы шарт емес. Алайда оның заңнан хабары болып, заң шығару процесін түсінуі маңызды.