«Қылышың дайын болмаса, саясатқа келмей-ақ қой»: саясаттанушы Аша Матайға қатысты пікір білдірді
Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Adal ADAM youtube арнасына берген сұхбатында Аша Матайдың адвокат Мейірман Шекеевпен дебаттан бас тартуына қатысты пікір білдіріп, саясатқа келген адам жынысына немесе өзге де себептерге сүйенбеуі керек екенін айтты, деп хабарлайды Adaladam.kz.
«Саясатқа келген адам шынайы саяси күреске дайын болуы керек. ... Қалқаның өз алдыңда, қылышың қолыңда болуы керек. "Алға" деп додаға кірісіп кетуің керек. Егер ондайға дайын болмасаң, онда саясатқа мүлдем келмей-ақ қой», – деді Қазбек Майгелдинов.
Оның айтуынша, саясатта «мен әйелмін», «мен жаспын» деген уәждер шешуші рөл атқармауы тиіс.
Сонымен қатар саясаттанушы Қазақстандағы саяси реформаларға да тоқталып, Құрылтай мен болашақтағы Халық кеңесі сияқты жаңа институттар елдегі өзгерістердің жалғасы екенін атап өтті.
«Бұл өзгеріс ертеңгі күні қарапайым адамның өмірін өзгертуге қаншалықты әсер етеді – оны біз алдағы уақытта көруіміз керек», – деді ол.
Майгелдинов қазақстандықтарды Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырып, тіпті ешбір партияны қолдамаса да, сайлау учаскесіне барып өз таңдауын жасау маңызды екенін айтты.
«Сен – азаматсың, Қазақстан Республикасында тұрып жатырсың, кел де, дауысыңды бер! Сенесің бе, сенбейсің бе – содан кейін барып пікіріңді айт. Өйткені бізде саяси мәдениет солай қалыптасуы керек», – деді саясаттанушы.