×

ҚҚДИ: Қазақстандықтардың 76,8%-ы «Заң мен тәртіп» қағидатын қолдайды

Даурен Омаров 14.09.2026 | 17:54
ҚҚДИ: Қазақстандықтардың 76,8%-ы «Заң мен тәртіп» қағидатын қолдайды
ҚҚДИ

Қазақстандықтардың 76,8 пайызы «Заң мен тәртіп» қағидатын қолдайды, деп хабарлайды Adaladam.kz Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуіне сілтеме жасап.

Сауалнама нәтижесінде азаматтар бұл қағидаттың өздері үшін маңыздылығын 5 балдық шкала бойынша орта есеппен 4,47 балға бағалаған.

Зерттеуде қазақстандықтардың заң мен қоғамдық тәртіпті сақтауға өздері де атсалысуға дайын екені байқалған. Мұндай азаматтардың үлесі II тоқсандағы 37,4 пайыздан 41,7 пайызға дейін өскен.

Респонденттердің 41,5 пайызы заң мен қоғамдық тәртіпке мемлекет пен азаматтар бірдей жауапты деп есептейді. Тағы 34,3 пайызы жауапкершілік ең алдымен әр қазақстандықтың өзінен басталуы керек деген пікір білдірген.

Ал «Заң мен тәртіп» аясындағы ең маңызды мәселелер ретінде азаматтар әйелдер мен балаларды қорғауды – 38,6%, қаржылық алаяқтықпен күресті – 37,3%, есірткі қылмысы мен экстремизмге қарсы іс-қимылды – 35,6% атаған.

Жастар арасында оң өзгерістерді байқағандар көбірек. 18–28 жастағы респонденттердің 46,2 пайызы қағидатты іске асыру барысында оң өзгерістер бар екенін айтқан.

ҚҚДИ сауалнамасы 1–16 тамыз аралығында жүргізілген. Зерттеуге еліміздің барлық өңірінен 18 жастан асқан 2400 адам қатысқан.