×

Тоқаев қала жастарын «шала қазақ», «нағыз ауыл қазақтары» деп бөлетін кейбір жазушыларды сынады

Даурен Омаров 24.09.2026 | 13:56
Тоқаев қала жастарын «шала қазақ», «нағыз ауыл қазақтары» деп бөлетін кейбір жазушыларды сынады
aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында қалада тұратын жастарды «асфальт қазағы», «шала қазақ» деп бөлуді сынға алды, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Мемлекет басшысы қоғамда ауыл тақырыбы жиі айтылатынын, алайда урбанизация жағдайында қала мәдениеті мен өркениетіне де көбірек көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.

«Кейбір жазушылар қалада тұрып жатқан жастарды екіге бөлетін болды: біріншісі — қалаларда тұрып жатқан «асфальт қазағы» немесе «шала қазақ», екіншісі — нағыз ауыл қазақтары. Бұл — дұрыс емес», – деді Президент.

Тоқаев бүгінде қала жастарының қазақ мектептерінде, қазақ тілінде сапалы білім алып жатқанын айтып, халықты мұндай сипаттармен бөлуге ешкімнің хақы жоқ екенін жеткізді.

Президент осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігіне қала тақырыбына арналған әдеби байқаулар өткізуді тапсырғанын да мәлімдеді.

«Біртұтас халқымызды екіге бөлуді доғаруымыз керек. Мұндай әрекетті жасаудың ешқандай қажеті де, оған ешкімнің хақы да жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.