ТЖМ 30 жылдығына орай өңірлерде құтқарушыларға арналған муралдар пайда болып жатыр

Биыл Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толды.
Өскемен қаласының орталығында басқаларды құтқару үшін күн сайын өмірін қауіпке тігіп жүрген адамдарға арналған жаңа өнер туындысы пайда болды. Азаматтық қорғау органдарының 30 жылдығына арналған мурал қаланың адам көп жиналатын аудандарының біріндегі көпқабатты тұрғын үйдің фасадына орнатылды.
Өнер туындысы құтқарушылар жұмысының негізгі сәттерін көрсетеді: өртті сөндіру, төтенше жағдайларда адамдарды құтқару. Суреттер жұмыс динамикасын ғана емес, сондай-ақ осы абыройлы мамандықтың өкілдерінің ерлігін, жанқиярлығын және адамгершілігін де жеткізеді.
Муралдың жасалуына бастамашы болған — Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті, оған Өскемен қаласының әкімдігі қолдау көрсетті. Жобаны жүзеге асыруға суретшілер бірнеше күн бойы еңбек етіп, әрбір бөлігіне ерекше мән берді. Мурал қала тұрғындарының назарын аударып, құтқарушылар жұмысына деген құрметті қалыптастырады және абыройлы мамандықты насихаттайды.
«Бұл мурал — тек қала ортасын безендіріп қана қоймай, құтқарушылардың күнделікті ерлігін еске салатын, олардың еңбегіне деген шынайы алғысты білдіретін маңызды визуалды символ», — деді ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рашид Блялов.
Тараз қаласындағы Аса шағын ауданында ТЖМ 30 жылдығына орай жаңа мурал салынды. Бес қабатты тұрғын үйдің қабырғасында құтқарушылар, өрт сөндіру машинасы және 112 жедел қызмет нөмірі бейнеленген.
Көркем шешім құтқарушылар еңбегіне алғыс білдірудің символы ғана емес, сонымен бірге мамандықты танымал етуге және ТЖМ қызметкерлерінің халық арасындағы оң имиджін нығайтуға бағытталған. Бұл Тараз қаласындағы құтқарушыларға арналған үшінші мурал екенін айта кеткен жөн. Бұрынғы екі мурал әр жылдары жасалды, қала тұрғындары жылы қабылдады. Мұндай жобалар тек қаланың көркіне көрік қосып қана қоймай, азаматтарға ТЖМ адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін еске салады.
Осы мерейтойға орай Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйдің фасадында қазақстандық құтқарушыларға арналған өнер нысаны пайда болды. «Құрмет пен парыз – Отан қызметінде!» деп аталған көркем композиция төтенше жағдайлар қызметі қызметкерлерінің батыл бейнесін бейнелейді. Жалпы ауданы 200 шаршы метрді құрайды.
Жоба Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен және қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Ірі сурет Шымкенттің архитектуралық келбетін безендіріп, оған жаңа бояу берді. Мурал төтенше жағдайлар қызметінің 30 жылдық тарихын мәңгі есте сақтап қана қоймай, азаматтардың тыныштығын қорғауда өзіндік жанқиярлықпен еңбек етіп жүрген мамандарға алғыс білдіреді. Ол мамандықтың маңыздылығын еске салуға және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге жарқын үлгі болуға бағытталған.