×

Тарихи оқиға: Жамбыл облысында қант зауытының құрылысы басталды

Даурен Омаров 25.09.2025 | 19:12
Тарихи оқиға: Жамбыл облысында қант зауытының құрылысы басталды
Жамбыл облысы әкімдігі

Жамбыл облысында өңдеу өнеркәсібін және отандық машина жасау саласын дамытуға бағытталған стратегиялық маңызы зор екі жоба бастау алды. Өңірде қант зауыты мен ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыттың құрылысы қолға алынды.

Бұл бастамалар шаруаларды заманауи техникамен қамтып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашады. Мұндай қадамдар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындаған стратегиялық міндеттермен толық сәйкес келеді.

Байзақ ауданында Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет қант зауытының құрылысы басталды. Жобаның инвестициялық көлемі шамамен 200 млн АҚШ долларын құрайды. Кәсіпорын жылына 1 миллион тонна қант қызылшасын қайта өңдеп, 120 мың тоннаға жуық қант өндіруге қауқарлы болады. Сонымен қатар меласса мен жом сияқты қосалқы өнімдер де шығарылады. Зауытта 350-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

Бұл күні Тараз қаласындағы индустриялық аймақта ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін кәсіпорынның құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны – 10 млрд теңге. Зауыт іске қосылғаннан кейін жылына 2 мыңға дейін сан түрлі тракторлар мен тіркемелі жабдықтар шығаратын болады. Мұнда 55 жаңа жұмыс орны құрылады.

Биылғы жылдың сегіз айында облыстың негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 391,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,4 пайызға артты.

Мемлекет басшысының Қытайға сапары барысында жел генераторларына арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттың алғашқы кешені іске қосылды. Ал қараша айында жылына 800 мың тонна өнім беретін күкірт қышқылы зауытының бірінші кезеңі пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұдан бөлек, өңірде жүгеріні терең өңдеу зауыты, металлургиялық кешен және кальцийленген сода өндіретін кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Тек осы бес ірі жобаның жалпы инвестициялық көлемі 1,5 трлн теңгеден асып отыр.

– Біз ел Президентінің тапсырмалары сөз жүзінде емес, нақты істер арқылы орындалып жатқанын айқын көріп отырмыз. Жамбыл облысы өнеркәсіп пен өңдеу саласында қолға алынған ірі бастамалардың жүзеге асатын басты орталықтарының біріне айналып келеді, – деді Ербол Қарашөкеев.