×

Қызылордада «Ауылдық аймақтарды дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі» тақырыбында азаматтық форум өтті

Даурен Омаров 26.09.2025 | 21:21
Қызылордада «Ауылдық аймақтарды дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі» тақырыбында азаматтық форум өтті
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін Қызылордада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен облыс әкімдігі және Қазақстанның Азаматтық Альянсымен бірлесіп ұйымдастыруымен «Ауылдық аймақтарды дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі» атты азаматтық форум өтті.

Оған Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, Қазақстанның Азаматтық альянсы президенті Бану Нұрғазиева, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Жанаргүл Әлжанова, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева, Орталық Азиядағы Еуразия қорының директоры Ринад Темірбеков, еліміздің бірқатар өңірінен қонақтар мен жауапты сала басшылары қатысты.

​Аймақ басшысы азаматтық сектор халық пен биліктің арасында алтын көпірге айналған ортақ алаң екенін айтты.

​«Бүгінде еліміздің дамуын айқындайтын көрсеткіштердің бірі – азаматтық сектор. Мемлекеттің табыстылығы үкіметтік емес ұйымдардың жемісті әрі тиімді қызметіне тікелей байланысты.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет»,– деп атап өткен болатын.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аймағымызда 15 қоғамдық ұйым болса, бүгінде олардың қатары мыңға жуықтады. Оның 300-і өңіріміздің қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өміріне белсенді араласуда. Бұл қоғамда азаматтық жауапкершілік пен белсенділіктің артқанын айқын көрсетеді.

Барлық ауданда үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестер, жүзеге асырылатын жобалардың тиімділігі мен өзектілігін бағалайтын сарапшылық топтар жұмыс істейді. Әкімдіктер жанындағы кеңестер мен комиссиялардың жұмысына 190 үкіметтік емес ұйым өкілі белсенді қатысады.

Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс арқылы азаматтық қоғам институттарына қаржылай қолдау көрсетіліп келеді. 2023-2025 жылдары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бюджеттен 3 млрд. 684 млн. теңге қаражат бөлініп, 427 әлеуметтік жоба іске асырылуда, 3 мың адам жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік жобалардың 200-ге жуығы ауыл тұрғындарының қатысуымен ұйымдастырылды. Басым бөлігі халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетуге, қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті нығайтуға, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған.

Қоғамдық қауымдастықтың көшбасшылары ретінде бәріңізді Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құру жолында халықтың бірлігін арттыруға, егемен еліміздің жарқын болашағына бірлесе қызмет етуге шақырамын!», – деді Н.Нәлібаев.

Басқосуда Н.Байқадамов, М.Әбенов, Р.Темірбеков, Л.Шыңғысбаева, Ж.Әлжанова, Б.Нұрғазиева сөз сөйлеп, азаматтық қоғам институттарының маңыздылығына тоқталды.

​Сондай-ақ, өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға облыстың Құрмет грамотасы, облыс әкімінің, Қазақстанның Азаматтық альянсы төрайымының Алғыс хаты табысталды.

Форумға дейін Сырдария ауданының Нағи Ілиясов, Бесарық ауылдарында секциялық отырыстар өткізілді. Онда ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешу, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, қоғамдық бақылау жүргізуге үкіметтік емес ұйымдарды тарту мәселелері қозғалды. ҮЕҰ туралы жаңа заң жобасы талқыланып, тиісті ұсынымдар қабылданды.