×

"Білместікпен сүрінген": Депутат өзге елдегі соғыстарға қатысқан азаматтардың жазасын жеңілдетуді ұсынды

Даурен Омаров 04.03.2026 | 17:09
"Білместікпен сүрінген": Депутат өзге елдегі соғыстарға қатысқан азаматтардың жазасын жеңілдетуді ұсынды
Жарқынбек Амантайұлының Fb парақшасынан

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысқан Қазақстан азаматтарына қатысты қылмыстық саясатты қайта қарауды ұсынды. Ол бұл мәселе бойынша ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа және Ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары әлемде геосаяси және геоэкономикалық шиеленістер күшейіп, түрлі тараптар адамдарды қарулы қақтығыстарға тарту үшін әртүрлі тәсілдерді қолдана бастаған.

Оның сөзінше, «қазіргі кезеңде халықаралық қатынастар жүйесінде геосаяси және геоэкономикалық шиеленістер күшейе түсті. Мемлекеттер арасындағы санкциялық шектеудің ұлғаюы, әскери-саяси текетірестің жиілеуі әлемдік қауіпсіздік архитектурасына айтарлықтай әсер етуде».

Депутат мұндай ықпалға түскен қазақстандықтардың саны да өсіп жатқанын айтты. Мәселен, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 172-бабы (шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу) бойынша тіркелген істер саны жыл сайын артып келеді.

2023 жылы – 23 іс, 2024 жылы – 36 іс, 2025 жылы – 141 іс тіркелген. Ал 2025 жылы қозғалған істер бойынша 26 азамат сотталған.

Амантайұлы мұндай жағдайдың себептеріне де тоқталды. Оның айтуынша, "халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, бірқатар мемлекет өз азаматтарының шетелдің ресми қарулы күштері құрамында ұрыс қимылына қатысуын автоматты түрде қылмыс ретінде қарастырмайды". Азаматтардың бір бөлігі қарулы қақтығыс аймақтарына саналы түрде емес, түрлі себептермен барып жатады.

"Әрине, қарулы қақтығыс аймағына ешкім  ажал іздеп себепсіз бармайды. Бірі – әлеуметтік қиындықтың салдарынан, бірі – адасу немесе алдану арқылы, енді бірі – мәжбүрлеу жағдайында баруы мүмкін. Осындай жағдайға тап болғандардың дені табысты жұмыс табамыз деген үміттің жетегінде жүріп ұрынып қалғанын айтады. Құрыққа ілінгенін түсінген шақта, шегінерге жер жоқ, шарасыз жат елдің қанды майданының қатысушысына айналады. Артта аңырап, ата-ана, еңіреп отбасы мен жақындары қалады.

 Алайда өз ісіне өкініп, елге оралуға ниет білдірген азаматтар үшін қазіргі заңнамадағы қатаң санкция елеулі тосқауыл болып отыр.

Тәубесіне келіп, Отанға оралған азаматтың ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы оның толыққанды қайта әлеуметтенуіне кері әсер етуі мүмкін.

Оған қоса, сотталғандардың арасында Ресей елінің азаматтығын алғандары тағы бар. Мысалы, жуырда 6 жылға бас бостандығынан айырылған – Евгений Люфт сол елдің азаматы болған деген әңгіме бар.

Осы ретте, халықаралық тәжірибені және ұлттық қауіпсіздік мүдделерін ескере отырып, террористік ұйымдар құрамында болмаған және әскери қылмыс жасамаған азаматтарға қатысты қылмыстық саясатты ізгілендіру мәселесін қарастыру орынды деп санаймыз. Білместікпен бір сүрінген азаматтарымызды елден ерек қатаң жазаға тарту қаншалықты орынды?!

Сонымен қатар депутат қазіргі заңнаманың қатаңдығы елге оралғысы келетін азаматтарға кедергі болуы мүмкін екенін айтты.

Алайда өз ісіне өкініп, елге оралуға ниет білдірген азаматтар үшін қазіргі заңнамадағы қатаң санкция елеулі тосқауыл болып отыр», – деді Амантайұлы.

Осыған байланысты ол халықаралық тәжірибені және ұлттық қауіпсіздік мүдделерін ескере отырып, заңнаманы жетілдіруді ұсынды.

Террористік ұйымдар құрамында болмаған, әскери қылмыс жасамаған және өз еркімен елімізге оралған азаматтарға қатысты құқықтық бағалаудың сараланған тетігін енгізуді қарастыру қажет. Атап айтқанда, олардың қоғамға қауіптілік деңгейін ескере отырып, шартты жаза, бас бостандығын шектеу, пробациялық бақылау немесе өзге де баламалы жазаны қолдану мүмкіндігін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынамыз, - деді депутат.

Сонымен қатар, Амантайұлы Қылмыстық кодекстің 170–172 баптарын жетілдіру, елге өз еркімен оралған азаматтарға қатысты сараланған құқықтық тетіктер енгізу, сондай-ақ оларды құқықтық, психологиялық және әлеуметтік оңалтуға арналған кешенді мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды.