×

Қызылорда облысында Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров дауыс берді

Даурен Омаров 15.03.2026 | 08:37
Қызылорда облысында Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров дауыс берді
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Сырдария ауданының Тереңөзек кентіндегі №155 сайлау учаскесінде Ұлы Отан соғысының ардагері, 104 жастағы Яхия Тасыров дауыс беріп, өз таңдауын жасады.

Ғасыр жасаған қария ел болашағына бейжай қарамай, маңызды саяси науқанға қатысып, азаматтық белсенділіктің жарқын үлгісін көрсетті. Бүгінде ол облыстағы жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде үлкен құрметке ие.

«Қарты бар ел – қазыналы ел» десек, бейбіт күннің қадірін терең түсінетін ардагердің ақ батасы мен өнегесі кейінгі ұрпақ үшін әрдайым құнды.

Қарт майдангер елдің тұрақтылығы мен болашағы үшін әр азаматтың дауыс беруі маңызды екенін атап өтіп, мұндай саяси науқанға қатысу – әрбір азаматтың борышы екенін жеткізді.

«Еліміздің ертеңі жарқын болуы үшін әркім өз таңдауын жасауы керек. Бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын», – дейді қария Яхия Тасыров.

Ардагердің бұл игі ісі жастарға үлгі болып, ел тағдырына бейжай қарамай, қоғамдық өмірге белсенді қатысудың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.