×

Қызылордада «Айбыны асқақ, айбары мықты азат ел» атты салтанатты шара өтті

Adal Adam 07.05.2026 | 14:48
Қызылордада «Айбыны асқақ, айбары мықты азат ел» атты салтанатты шара өтті
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін «Өнер орталығында» 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған «Айбыны асқақ, айбары мықты азат ел» атты мерекелік шара өтті, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ғылым саласының қызметкерлері қатысты.

Шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары ардагерлер мен әскери қызметкерлерді мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

– Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен, Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ – даңқты тарихын ат тұяғымен жазған халық. Біз ұлан-ғайыр жерін жауға бастырмаған батыр елдің ұрпағымыз. Алапат соғыста жеңіске жеткен қаһарман ерлердің ізбасарымыз. Қазір еліміздің күштік құрылымдары Қазақстанның қауіпсіздігін қас қақпай күзетіп тұр. Отанымыздың іргесі берік болуын қамтамасыз ету – әр азаматтың перзенттік парызы», – деген болатын.

Бүгінде Тәуелсіз мемлекетіміздің Қарулы Күштері ерлік пен батылдықтың озық үлгісін көрсетуде. Соның арқасында әскери қызметшілеріміз БҰҰ аясындағы түрлі бітімгерлік операцияларға қатысып, өздерінің кәсібилігі мен жоғары деңгейдегі жауынгерлік машығын дәлелдеп келеді. Бүгінде әскерилерді, құқық қорғау, азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлерін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдауға баса көңіл бөлінген.

Жалпыұлттық бірлік пен саяси тұрақтылықтың нәтижесінде елдің сырты жаудан, іші даудан аман болып, мемлекетіміз орнықты дамуда. Баршаңызды мерекемен құттықтаймыз, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстанды құру жолындағы барлық бастамамыз сәтті жүзеге аса берсін. Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! – деді Данияр Еренғалиұлы.

Мерекелік шарада Сыр өңіріне арнайы келген Ақылбек Күрішбаев құттықтау сөз сөйледі.

Салтанатты кеште Отанға кәсіби біліктілігімен қалтқысыз қызмет етіп жүрген әскери қызметшілер марапат төрінен көрінді.

Шара тыл ардагерлеріне гүл шоқтарын тарту ету рәсіміне және концерттік бағдарламаға ұласты.