Алматыда D’Giro Almaty 2026 веложарысы өтті
17–18 қазанда Алматыда D’Giro Almaty 2026 веложарысы ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – бұқаралық велоспортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және тұрғындардың спортқа қызығушылығын арттыру. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері хабарлады.
Екі күнге созылған жарыс екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар жалпы 60 шақырым қашықтықты еңсерді.
17 қазанда өткен бірінші кезеңде спортшылар қала көшелерімен 50 шақырым жүріп өтті. Бағыт ұзындығы 10 шақырым болатын бес айналымнан тұрды.
18 қазанда жарыстың екінші кезеңі ұйымдастырылды. Қатысушылар Royal Tulip қонақ үйінен «Медеу» биік таулы спорт кешеніне дейінгі 10 шақырымдық таулы бағытты бағындырды.
Жарысқа 18 жастан асқан, Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) талаптарына сай келетін техникалық жарамды шосселік велосипед мінген спортшылар қатысты.
D’Giro Almaty жарысының ерекшелігі – қала көшелеріндегі жылдамдық кезеңі мен тауға өрлеуді біріктіруінде. Әсіресе, «Медеуге» дейінгі бағыт қатысушылардан жоғары төзімділік пен жақсы физикалық дайындықты талап етті.
Веложарыс бұқаралық спортты дамытуға, тұрғындарды белсенді өмір салтына баулуға және Алматының спорттық туризм орталығы ретіндегі әлеуетін арттыруға бағытталған.