Ереже бұзған сайын айыппұл өсуі мүмкін: Жүргізушілерге талап күшеймек
Қазақстанда жол ережесін қасақана және бірнеше рет бұзатын жүргізушілерге қатысты жауапкершілікті күшейту көзделіп отыр. Үкімет отырысында айыппұл көлемін еселеп арттыру мен балдық жүйе енгізу мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов жолдағы қауіпсіздік әлі де өзекті мәселе екенін айтып, ережені әдейі елемейтін жүргізушілерге қатысты тәсілді өзгертуді тапсырды.
«Жаңа Конституцияда Заң мен Тәртіп қағидаты негізгі құндылықтардың бірі ретінде бекітілді. Заң нормалары мен ережелерді қатаң сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Жол қауіпсіздігі Мемлекет басшысының әрдайым ерекше назарында. Адамның өмірі мен денсаулығы жол үстіндегі мінез-құлық мәдениетіне тікелей байланысты», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы қоғамдық көлік жолағымен жүретін, қос тұтас сызықты кесіп өтіп қарсы бағытқа шығатын және жылдамдықты шамадан тыс асыратын жүргізушілер әлі де бар екенін атап өтті.
«Мұндай фактілерге міндетті түрде тосқауыл қойып, тиісті шаралар қабылдау қажет. Жалпы, жол ережелерін қасақана бұзушыларға қатысты тәсілдерді қайта қарау керек. Мұндай адамдарға айыппұл төлеу кезінде жеңілдіктер берілмеуге тиіс. Керісінше, бұзушылықтар санына қарай айыппұл мөлшерін еселеп арттыру қажет», – деді Үкімет басшысы.
Бектенов Ішкі істер министрлігіне шетелде қолданылатын балдық жүйе тәжірибесін зерделеп, оны Қазақстанда іске қосуды тапсырды.
«Ішкі істер министрлігі көптеген елдерде тиімді қолданылып жүрген балдық жүйені енгізу тәжірибесін зерделеп, оны елімізде іске қосуға тиіс. Біздің ортақ міндетіміз – жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік апаттарын тұрақты түрде төмендету және адам өлімін азайту», – деді ол.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, ведомство бұл жүйені пысықтап жатыр. Ұсыныс бойынша жүргізушінің әрбір заңбұзушылығы мен оның ауырлығы есепке алынады. Ережені бірнеше рет немесе өрескел бұзған жағдайда айыппұлмен қатар жүргізуші куәлігін бір жылға тоқтату көзделеді. Тиісті түзетулер Құрылтайдың қарауына енгізілмек.