«Шаңырақ күні»: Елордада «Көңілді старт» отбасылық эстафетасы өтті
Бүгін, Наурызнама онкүндігі аясындағы «Шаңырақ күні» Елордада «Көңілді старт – 2026» отбасылық эстафетасы өтті. Іс-шараны Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды.
Берекелі шаңырақ иелерінің басын қосқан айтулы байқауда Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Бүгінгі эстафета – тек спорттық жарыс емес, достық пен бірліктің алаңы. Әсіресе, жас отбасылардың ынтымағын нығайтатын маңызды шара деп санаймын. Астана қаласы әкімдігі қала жастарын қолдауға жүйелі көңіл бөліп келеді. Мәдени шаралар, спорттық сайыстар, әлеуметтік жобалар – үнемі назарда. Бүгінгі сайыс сол маңызды бағыттардың жалғасы екені анық. Оның үстіне эстафетаның Наурызнама онкүндігінің «Шаңырақ күніне» тұспа-тұс келуі елеулі сәт екенін айта кетуіміз керек. Бәріңізді келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын», – деді Самат Сабырұлы.
Сонымен қатар, іс-шараның қадірлі қонақтары – Астана қаласы мәслихатының депутаты Нұржан Садырбаев, «Әкелер одағы» РҚБ Астана қаласы филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай, Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті Мадина Бектұрғанова, «Di Medical» медициналық орталығының директоры Клара Өмірзақова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Білім жоғары мектебінің директоры Баубек Сомжүрек, журналист Әселім Әбілдинова және «Еуразиялық банк» АҚ филиалының атқарушы директоры Асия Кулдыбаева, QRnews.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Сапарғали Қанат эстафеталық сайысты тамашалап, қатысушыларға қолдау көрсетті.
Жарысқа елордадан 40-қа жуық жас отбасы қатысты. Олар екі кезең бойынша сынға түсіп, финалға 15 жұп жолдама алды. Алғашқы кезеңде классикалық эстафеталық тапсырмаларды орындады. Екінші кезеңде ұлттық ойындар ойнады.
Сайысқа 35 жасқа дейінгі ерлі-зайыптылардан құралған (екі адамдық) командалар қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша, Габи Ахназаров пен Ұлжалғас Топбасы І орын иеленді. Оларға 200 000 теңгелік сертификат табысталды. Ал ІІ орын Виктор Григорьев пен Анастасия Григорьеваға бұйырып, 150 000 теңгелік сертификатқа қол жеткізді. Сырым Муханбетжанов пен Анара Муханбетжанова ІІІ орын еншіледі. Оларға 100 000 теңгелік сертификат берілді.
Сонымен қатар қырағылық пен шапшаңдық танытқан 12 қатысушыға Алғыс хат пен 20 000 теңгелік ынталандыру сыйлығы табысталды.
Бұдан бөлек, эстафета қатысушыларын қолдауға келген жанкүйерлер арнайы номинациялармен марапатталды.