×

Су тасқыны неге жиіледі

Даурен Омаров 11.12.2025 | 18:02
Су тасқыны неге жиіледі
youtube.com/@ansa2573 скриншот

Климаттың өзгеруі әлемдегі су тасқынының жиілеуіне әкеліп отыр. Жылда түрлі аймақта су тасқыны тіркеліп, экономикалық зардап әкелуде. Мәселенің себеп-салдары қандай? Тақырыпты сарапшылармен бірге талдадық.

Климаттың өзгеруі су тасқынын күшейтіп отыр

БҰҰ-ның Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымы (ДМҰ) климаттың өзгеруі су ресурстарына елеулі қысым түсіріп отырғанын хабарлайды. Құбылыс әлем бойынша табиғи апаттардың көбеюіне және миллиондаған адамның өміріне әсер етіп отыр.

Осы өзгерістердің аясында өткен жыл соңғы 175 жылдағы ең ыстық жыл ретінде тіркелді. Жер бетінің орташа температурасы индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,55 градусқа жоғарылаған. Температураның көтерілуі су айналымының табиғи тепе-теңдігін бұзуда. Себебі жылы ауа ылғалды көбірек ұстайды. Соның салдарынан жауын-шашын күшейіп, су тасқындары жиілеп отыр.

ДМҰ Бас хатшысы Селесте Саулоның айтуынша, суға байланысты апаттар әртүрлі өңірлерде айтарлықтай шығын келтіруде. Ең назар аударарлық тұс – мұндай жағдайлардың азаю үрдісі әлі байқалмайды.

Оған сарапшылар да назар аударып отыр. Олардың пікірінше, су айналымы – бір-бірімен тығыз байланысты жаһандық жүйе. Сондықтан бір аймақтағы өзгеріс міндетті түрде басқа өңірлерге де әсер етеді. Мысалы, Арктикадағы мұздықтардың еруі Азиядағы муссондық маусымдарға ықпал етсе, Тынық мұхиттағы дауылдар жаһандық климаттық үдерістерді күшейтеді.

Жаһандық салдар мен Азиядағы жағдай

Статистикалық деректер су тасқынының жаһандық деңгейдегі ауқымын айқын көрсетеді. Соңғы 30 жылда әлемде 2 миллиардтан астам адам апаттан зардап шеккен. Тек 2021 жылдың өзінде Батыс Еуропада су тасқыны 19 пайызға артқан. Сол жылы 200-ден астам адам қаза тапты. Сонымен қатар соңғы 20 жылда 86 миллион адам қоныс аударуға мәжбүр болған. Бұл үрдіс әсіресе Азия аймағында айқын байқалады.

Мәселен, 2020 жылы Бангладештің үштен бірі су астында қалды. Үндістанда 150 миллионнан астам адам тасқыннан зардап шекті. Ал Ливияда су тасқынының жиілігі 50 пайызға артқан.

Ғылыми қауымдастық та бұл құбылыстарды климаттық өзгерістермен байланыстырады. Ғалым Әмірхан Кеншімовтің айтуынша, температураның көтерілуі мұхиттардың булануын күшейтеді. Бұл өз кезегінде циклондардың бағыты мен күшіне әсер етеді.

– Мәселен, Сауд Арабиясында бұрын-соңды болмаған бұршақ жауып, қар түсті. Басқа елдерде су тасқыны жиілеп, табиғи катаклизмдер көбейіп отыр. Бұдан бөлек, әр 11 жыл сайын өзгеріп отыратын «күн циклі» бар. Күн белсенділігінің өзгеруі де аптап ыстық пен құрғақшылыққа әсер етеді, – деді ғалым.

Қазақстандағы жағдай қандай?

Ел аумағы табиғи апаттарға айтарлықтай бейім өңірлердің қатарында. Оның шамамен 75 пайызы түрлі қауіп-қатер аймағына кіреді. Көктемгі су тасқыны, жер сілкінісі мен жазғы қуаңшылық жағдайлары жиі қайталанатын құбылысқа айналған.

Ал соңғы жылдары бұл үрдіс айқын сезіле бастады. Мәселен, 2024 жылы еліміздің бірнеше өңірінде су тасқыны тіркеліп, жүз мыңнан астам адам зардап шекті. Мыңдаған тұрғын үй бүлінді. Қалпына келтіру жұмыстарына бюджеттен қомақты қаржы бөлінді.

Осы жағдайлар аясында мамандар климаттық фактордың әсерін жиі атап өтеді. Су тасқыны тәуекелдерін зерттейтін инженер Рената Садртдинова Қазақстандағы қазіргі жағдайды жаһандық климат өзгерісімен байланыстырады. Оның пікірінше, қарлы қыс пен аномальды жылу – ұзақ мерзімді климаттық өзгерістердің көрінісі.

– Соңғы он жылда климатолог ғалымдар 2050 және 2100 жылдарға арналған көптеген зерттеулер жариялады. Болжам бойынша, 2100 жылға қарай Қазақстан аумағында орташа температура 7 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Ал шығыс пен солтүстік сияқты ылғалды аймақтарда жауын-шашын көбейсе, Маңғыстау секілді құрғақ өңірлерде, 2021 жылғы құрғақшылыққа ұқсас жағдайлар жиілейді, – дейді спикер.

Маман климаттың өзгеруінің негізгі себебі ретінде антропогендік факторды көрсетеді. Оның айтуынша, атмосфераға шығарылатын зиянды заттар табиғи үдерістерді айтарлықтай жылдамдатқан.

– Климат адамның араласуынсыз-ақ өзгерер еді, бірақ бұл процесс әлдеқайда баяу жүретін еді, – деп есептейді Садртдинова.

Дегенмен, мемлекет деңгейінде бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ. Қазақстан климаттық өзгерістерге бейімделу және зиянды шығарындыларды азайту бағытында бірқатар шараларды жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық та күшейтілген.

Ел БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясын және Париж келісімін ратификациялаған. 2023 жылы 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы және 2030 жылға дейінгі жаңартылған ұлттық міндеттемелер қабылданды. Осы ұзақ мерзімді бағыттармен қатар ел ішінде су тасқынына қарсы жедел жұмыстар да жалғасып жатыр.

Биылғы жағдайға келсек, Қазақстанның көп бөлігінде су тасқынының белсенді кезеңі біртіндеп бәсеңдегенімен, кейбір өңірлерде су деңгейі әлі де жоғары күйінде қалып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда тасқынның ең жоғары деңгейі Ақмола облысында тіркелген. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары бақылауға алынған.

– Алдын алу және жедел шаралар кешені іске асырылуда. ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да қызметтердің күшімен 9 млн-нан астам текше метр қар шығарылды, 79 мыңнан астам қап пен 103 мың тонна инертті материал төселді. Бұдан бөлек, 1,9 млн астам метр арықтар мен каналдар тазартылды, 5 мыңнан астам уақытша бөген мен үйінді тұрғызылды, – делінген ТЖМ ақпаратында.

Қорытындылай келе, су тасқындарының жиілеуі – жекелеген өңірлердің ғана емес, жаһандық климаттық өзгерістердің тікелей салдары. Ғалымдар мен сарапшылар бұл құбылыстың күшейе беретінін ескертіп отыр.

 Сондықтан басты міндет – тек салдармен күресу емес, алдын алу шараларын күшейту, ерте ескерту жүйелерін дамыту және климаттық тәуекелдерге бейімделуді жеделдету болып отыр. Себебі табиғи апаттардың ауқымы артқан жағдайда, уақытылы әрекет ету – ең маңызды қорғаныс құралы болып қала береді.

Ақтілек БІТІМБАЙ