Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану тәртібіне өзгеріс енгізілді
Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану кезінде қолданылатын ең төменгі жеткіліктілік шектерінің параметрлері жаңартылды, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Өзгерістер салымшының қазіргі жасын ғана емес, оның зейнеткерлік жасқа дейінгі кезеңін, болашақ зейнетақы төлемдерін, инвестициялық кірісті және өзге де ұзақ мерзімді факторларды ескеретін жаңа есептеу әдістемесіне байланысты енгізілді.
"Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерін жаңарту ең алдымен салымшылардың ұзақ мерзімді мүдделерін қорғауға бағытталған. Өйткені зейнетақы жинақтары қарапайым депозит немесе күнделікті шығындарға арналған қаржы емес. Оның негізгі мақсаты – азаматтарды зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін тұрақты табыспен қамтамасыз ету.
Министрлік зейнетақы қаражаты ең алдымен азаматтардың болашақтағы зейнетақы төлемдеріне қызмет етуі тиіс деген ұстанымды басшылыққа алады. Себебі бүгін жинақты мерзімінен бұрын пайдалану ертеңгі зейнетақы төлемдерінің көлеміне тікелей әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсаттарына пайдалану мүмкіндігі сақталады", - делінген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратында.
Ведомствоның мәлімдеуінше, зейнетақы мөлшері бұрынғы табысының кемінде 40 пайызын құрайтын зейнеткерлер тұрғын үй мен емделу қажеттіліктері үшін жинақтарының 50 пайызына дейін пайдалана алады. Ал мемлекеттен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алатын азаматтар зейнетақы шотындағы қалған қаражатты толық көлемде пайдалану құқығына ие.
Айта кету керек, жеткіліктілік шектері соңғы үш жыл ішінде қайта қаралмаған. Сондықтан оларды жаңарту зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге және азаматтардың болашақта тұрақты табысқа сенім артуына мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, жаңартылған әдістеме қазақстандықтардың болашақтағы зейнетақы төлемдерін қорғауға, жинақтардың жеткіліксіз болу тәуекелдерін азайтуға және ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.