«Таза Қазақстан»: Қызылордада бұлақтар мен жағалаулар тазартылды
Қызылорда облысында 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Табиғи су көздерін қорғау және қоршаған ортаның тазалығын сақтау мақсатында ұйымдастырылған шара тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
Акцияға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, облыстық қоғамдық даму басқармасының, облыстық экология департаментінің, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының қызметкерлері, сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері қатысты.
Экологиялық шараға 500-ден астам адам жұмылдырылып, табиғи су көздері мен жағалау аумақтарында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде 5,5 тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы орындарға шығарылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде санитарлық тазалықты сақтау, елді мекендерді абаттандыру және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.