Балқаш жағалауында жаңа құтқару станциясы ашылды
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен бірге Балқаш көлінің жағалауындағы Торанғалық кентінде жаңа құтқару станциясын ашты, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Жаңа нысан 20-дан астам демалыс аймағы орналасқан туристік жағалаудағы тұрғындар мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.
Балқаш қаласынан 43 шақырым жерде орналасқан станция заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Оның құрамында жедел-құтқару автокөлігі, қайық, байланыс құралдары және арнайы техника бар. Сондай-ақ бақылау мұнарасы, пирс және құтқарушыларға арналған тұрмыстық жағдайлар жасалған.
ТЖМ басшысы Шыңғыс Әріновтің айтуынша, жаңа бөлімшенің іске қосылуы төтенше жағдайларға ден қою уақытын айтарлықтай қысқартады. Бұған дейін бұл аумақтағы қауіпсіздікті Балқаш қаласындағы құтқарушылар қамтамасыз етіп келген, ал оқиға орнына жету уақыты 30 минуттан асатын.
Құтқару станциясында 12 қызметкер жұмыс істейді. Әр ауысымда үш құтқарушы кезекшілік атқарады.
Салтанатты рәсім барысында Шыңғыс Әрінов үздік қызметкерлер мен жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтарды ведомстволық наградалармен марапаттап, жаңа нысанның символикалық кілтін және жедел-құтқару техникасының кілттерін табыстады.
Іс-шара жаңа станцияны таныстыру және оның мүмкіндіктерін көрсетумен аяқталды.

