Қыздарды әскерге шақыру мәселесі қаралып жатыр ма? Министрлік жауап берді
Қазақстан Қарулы күштерінің қатарында бүгінде 7 мыңға жуық әйел әскери қызметші еңбек етіп жүр. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Ведомствоның мәліметінше, олардың мыңға жуығы офицер, ал 6 мыңнан астамы келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарады. Сондай-ақ 11 әйел басшылық лауазымдарда жұмыс істейді.
Әйел әскери қызметшілер бүгінде әскери медицина, психология, қаржы, заң, байланыс, кадр жұмысы, ақпараттық технологиялар және материалдық-техникалық қамтамасыз ету салаларында қызмет етеді.
Соңғы жылдары олардың әскери қызметтегі мүмкіндіктері де кеңейген. Қазір әйелдер штаб офицері, нұсқаушы, ұшқыш, мерген, арнайы мақсаттағы бөлімше әскери қызметшісі сияқты күрделі мамандықтарды меңгеріп жүр. Сонымен қатар олар парашютпен секіріп, ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастырып, басқарады.
Қорғаныс министрлігі әскери білім алуға да жағдай жасалғанын атап өтті. 2023 жылдан бастап Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты әскери-медициналық факультетке қыздарды қабылдай бастады. Оқуды аяқтаған түлектерге «лейтенант» алғашқы офицерлік атағы беріліп, олар Қарулы күштер қатарында қызметін жалғастырады.
Сонымен бірге министрлік қолданыстағы заңнамада әйелдерді мерзімді әскери қызметке міндетті түрде шақыру қарастырылмағанын және қазіргі уақытта мұндай норманы енгізу мәселесі күн тәртібінде жоқ екенін мәлімдеді.
Әскери қызметке келісімшарт бойынша орналасқысы келетін азаматтар тұрғылықты жеріндегі жергілікті әскери басқару органдарына немесе әскери бөлімдерге жүгініп, қабылдау тәртібі мен талаптары туралы толық ақпарат ала алады.